ЖАҚСЫ ҰСТАЗ — ЖАРЫҚ КҮН
Кейде айналамыздағы адамдардың жақсылығын көріп, даналығын сезініп, мықты қасиеттерін байқасақ та соны айтуға, жариялауға сараңдық танытып жатамыз. Адалдығы мен адамдығы биік кейіпкерлерді өзімізден алыс жерден, теледидардан, басқа да ақпарат көздерінен іздеп кететініміз өтірік емес. Десек те өзіміз күнделікті өмірде көріп, араласып жүрген жандардың жақсылығы мен парасатын, кез келген сый-құрметке лайық екенін көре білсек, мына әлем ізгіліктен құралған деп жар салар едік.
Өзіміз қиялмен құрап алған ерекше қаһармандар, мықты кейіпкерлер жанымызда жүр. Олар бізбен араласып өмір сүруде, қоғамда бірге күн кешудеміз. Бүгін өзім жұмыс істейтін орыс тілі кафедрасындағы ұстаздарым жайлы ақтарыла сыр шертіп, әңгімелегім келеді.
Мен – ұстазбын! Мұны зор мақтанышпен, асқақ дауыспен айта аламын. Менің әріптестерім де — ұстаздар. Сөзі маржан, үні ән ұстаздарым бүгінде өзімнің әріптестерім екеніне қуанамын, марқаямын. .
Ұстаз болу — жүректің батырлығы,
Ұстаз болу — сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу — мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, — деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, ұстаздық – ұлағатты іс.
Анасыз бала болмайтыны секілді, ұстазсыз адам болмайтын шығар. Сонау әлемге танылған ғұлама ғалымдарымыздан бастап, батырларымыздың да, басшыларымыздың да, қарапайым күн кешкен әр адамның да ұстазы бары анық. Және сөзден өрнек өрген, шартарапқа мықтылығымен танылғандардың арасында ұстаз туралы қалам тербемегені жоқ болар.
Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бұдан асырып ештеңе айта алмаспыз.
Қай заманда болсын, қай елде болсын өскелең ұрпақ үшін, болашақ үшін тер төккен ұстаздар қауымының орны ерекше. Жан-жақтылығымен құнды. Тек пән сабақтарын ғана емес, өмірлік сабақтарды да беріп, өмірдегі түрлі сынақтардың шешімін үйретіп, өмірлік ұстаз болып жүрген жандарың бірі деп Жұпаркүл Ауелбекованы айтар едім. Білімі мен біліктілігінің арқасында кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Жұпаркүл апайымыз ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, қашанда жас мамандарға көмектесіп отырады.
Әрине, ұстаз сөзінің аясы кең. Өзгенің бақытты болуы үшін үйрету мен тәрбиелеуден жалықпайтын ұстаздардың есімін алтын әріптермен жазсақ артық болмас. Мәселен, Ляззат Лесбекова, Гулнар Анартаева, Райхан Байдуллаева, Гулназ Парменкулова, Нагима Ауелбекова, Раушан Байтенова, Абдулла Тұрсынов, Наталья Дробязко, Айгуль Ахметова, Гулнар Алиева, Кенже Байрханова, Улжалғас Темирова, Гулжан Алтынбекова сынды ұстаздарымыз — алдында отырған шәкірттерінен өз білімін, жігерін, мейірімін аямайтын жандар.
Мұғалімдердің қадір-қасиетіне, біліктілігі мен мейіріміне баға беретін бірден бір адам – оның шәкірттері, олардан білім алушылар. Жұмыста жан-жағыма мән беріп жүріп байқағаным, біздің ұжымның қадірлі де құрметті ұстаздары жақсылық пен ізгіліктің шуағын шашып, дұрыс тәлім-тәрбие беріп студенттеріміздің сүйікті оқытушысына айнала білген. Бұл ұстаздарымыз өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, студенттердің жанына нұр құйып өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін жөні де, жолы да бөлек азаматтар. Осы жерде олардың да аттарын атап өтпесем болмас. Жамиля Рыскельдиева, Фарида Сугир, Айжан Мырзабекова, Асия Бимурзина, Римма Арынбаева, Меруерт Умирзакова, Анар Ауельбекова, Бахыткул Туребекова, Фархат Айтмамбетовтер студенттердің жақсы көретін ағай-апайлары десем артық емес.
Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп абыройын асырған ұлағатты ұстаздар. Орындары әрдайым төр болған қадірменді кісілер. Шартарапқа даңқы кеткен Ескендір Зұлқарнайын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ұстазым Аристотельден сол өмірді қалай сүру керектігі жайлы білімдерді алдым» деген екен. Дәл осылай Абылай хан Төле биді, Жамбыл ақын Сүйінбайды, Шәкәрім дана Абайды ұстаз деп қадірлеп, үлгі тұтқан.
Ұстаз деген ұлы атқа жалпы анықтама беріп, шолу жасап, өзімнің бірге жұмыс істейтін әріптес ұстаздарым жайлы айта келіп, олардың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім тәрбиесі, үлгі өнегесі өлшеусіз дер едім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана халқымыз. Өзімізді өзіміз бағалап, жақсылығымызды көре алмасақ бізге ешкім аспаннан жақсыны әкеп бермесі анық. Жақсыны айта білу де, көре білу де уақытпен келетін білім.
Студенттерді тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айта отырып, кафедра оқытушыларын, жалпы ұстаздар қауымын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Білімді студенттеріңіз бен алар асуларыңыз көп болсын!
Роза Бектенова Баймұратқызы,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ «Техникалық мамандықтарға арналған практикалық
орыс тілі» кафедрасының оқытушысы.