ІСКЕР БАСШЫ МӘДИНА ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ — ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАНДАЙ НАҒЫЗ ЕҢБЕК АДАМЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Нағыз еңбек адамы бұл — ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Шымкент қалалық мәдениет басқармасы «Шым қала» тарихи-мәдени кешеніндегі «Көне қала тарихы сыр шертеді» атты ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстелге қатысқан республикаға танымал тарихшылар мен әйгілі археологтар, профессорлар мен академиктер, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым жетекшілері жиынның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, екі жылдық кешен жұмысының қорытындысын тыңдап, көптеген жұмыстың атқарылғанына және ежелгі тарихымыздың заманауи әлеуметтік желілер арқылы үш тілде кеңінен насихатталып жатқанына көздері жетіп, көңілдері толғасын, Шымкенттің 2200 жылдық тарихын айғақтайтын екі жыл бұрын ашылған тарихи- мәдени орын — ашық аспан астындағы музейдің жұмысын шебер ұйымдастырып, көне тарихымызды әлемге кеңінен насихаттауға орасан үлес қосып, үлкен ұжымды шебер басқарып отырған “Qamal Shymkent” тарихи-мәдени кешені директоры, тарих ғылымдарының магистрі Мәдина Кенжеқұлова Дүйсенбайқызына мемлекет басшысы айтқандай, өзіне міндеттелген қызметті абыройлы атқаратын білікті басшы, өз ісінің майталманы, ұйымдастырушы қабілеті жоғары басшы- «нағыз еңбек адамы» деп жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «мемлекет басшысы ретінде айтарым «басшылардың бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл — профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық» болу керек» деген болатын. Ғылыми-әдістемелік кеңеске қатысушылар кешеннің жұмыстарымен танысуда және басшының сөзі мен іс-әрекетінен Мәдина Кенжеқұлова бойынан екі қасиетті де көре білдік, яғни, мемлекет жұмысын бәрінен жоғары қойған өз ісінің майталманы.
Тарихи орында заманауи музей жарқырап тұрса дейді
Отырыс біткен соң, бір жыл бұрын музей директоры болып тағайындалған іскер басшы, әрі ғылыми қызметкер Мәдина Кенжеқұловамен сұхбаттасудың реті түсіп, алға қойған мақсатымен, жоспарларымен бөлісті.
Өз сөзінде ол «Мәдениет басқармасы осы кезге дейін жасаған жұмысымды, еңбегімді ескеріп, директорлыққа ұсынғасын келісім бердім. Көп жылдар бойы қазба жұмыстарының нәтижесінде көне шаһардың табылуы — шетел мен еліміздің азаматтарының қызығушылықтарын оятып, мегаполис Шымкент қаласында этнотуризмді дамытуға үлкен септігін тигізді. Кешен басшысы болып тағайындалған күннен бастап алдыма қойған басты мақсатым — барлық білім мен білігімді, тәжірибемді жұмсау арқылы көне қаламызды кеңінен насихаттау, қазақтың өткен тарихын әлемге таныту. Әлемнің түкпір-түкпірінен келушілерге мақтанышпен көрсете алатын ортағасырлық бекінісі бар Ұлы Жібек жолы бойындағы негізгі тарихи танымдық туристік бағытына айналып отырған мәдени кешеннен табылған жәдігерлерді сақтайтын қазіргі үлгідегі заманауи музей салдырту» дейді. Мәдина Дүйсенбайқызы кейбір басшылар секілді армандап емес, жүйелі жоспар құрып, жұмысын бастап кетіпті. Ол туралы атқарушы органдарға ұсыныстарын жазып, музейдің электронды сұлбасын дайындатып қойыпты. Барлық құжаттармен танысып, жерді иелену мен пайдалану хұқын беретін мемлекеттік актісінің жоқ екеніне көзім жетіп, «бір жыл бойы жұмыс істеп, «үш күн бұрын ғана қолыма жер актісін алдым» деп балаша қуанып, құжатты көрсетті.
«Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» демекші, бастаған ісімен, сөзінен және алға қойған мақсатынан бойында отаншылдық қасиет бар екені анық сезілді. Сондай-ақ Мәдина Дүйсенбайқызының мамандығы тарихшы болса да, заңдық- құқықтық тұрғыда сауатты екеніне көзім жетті. Заңды жетік білетін, ісіне адал басшылардың кез-келген қиындықты жеңе білетінін, бюрократтық кедергіден тайсалмай өтіп, өзінен бастап талап қойып, жұмысын жақсы жолға қойып, мақсатына жететінін өмір тәжірибемнен жақсы білемін.
Келер жылы музейге қаражат бөлсе деп сұраймыз!
Ғылыми қызметкер Мәдина Дүйсенбайқызы ашық аспан музейімен таныстырып: «Ескі қалашықта өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап қазба жұмыстары жүргізілген. Ал екі мыңыншы жылдардың басында бұл жерге қазба жұмыстары нәтижесінде археологтардың Шымкенттің кем дегенде 2200 жылдық тарихы бар деп айтуына негіз берді. 4,5 гектарды алып жатырған тарихи орынға әлемнен, соның ішінде Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қытай, Үндістан және Америка елдерінен саяхаттап келушілер саны жыл сайын өсіп келеді. Келгендерге қызметкерлер 4 тілде көне қаланы, құнды жәдігерлерді таныстырады.
Кешеннің ғылыми қызметкерлері өлкеміздің мәдени, тарихи және ғылыми құндылықтарын сақтау, музей заттары арқылы мәліметтерді жинақтап тарату, халқымыздың материалдық ескерткіштері мен рухани мәдениетін зерттеп, көрнекіліктері мен көрмелері арқылы жеткізуде ғылыми зерттеу, жинақтап іріктеу, экспозициялық, әдістемелік, ғылыми-ағартушылық, экскурсиялық қызмет көрсету жұмыстарын атқарып келеді. Қазір тарихи кешеннен табылған көптеген жәдігер ұлттық зерттеуден өтіп жатыр. 1 жарым гектар аймағы әлі де зерделеуді қажет етеді» дейді.
Осы орайда, Шымкент қалалық әкімдігі мен мәслихаты алға қойған мақсаты айқын, жүйелі жоспары бар тарихи-мәдени кешен директоры Мәдина Кенжеқұлованың ұлттық мәдениетіміз мен тарихымызды әлемге паш ету мақсаты, яғни заманауи музей салдыру бастамасы бойынша 2024 жылы қаражат бөлуді сұраймын.
Қызметіңіз абыройлы, жұмысыңыз жемісті, мәртебеңіз биік болып, мақсатыңызға жетіңіз, Мәдина Дүйсенбайқызы!
Талғат Қатауов Тұрсынғалиұлы,
Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, құқық қорғаушы, өлкетанушы.
Орал қаласы.