«ӘРБІР ТҰРҒЫН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ИГІЛІГІН СЕЗІНУІ ТИІС»

Газетіміздің кезекті санында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бөкейхан Әбішевпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Бөкейхан Нұралыұлы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты болғаныңызға бірнеше ай өтті? Сайлау алдындағы жоспарларыңыз жүйелі болғаны есімізде. Енді соларды жүзеге асыра алдыңыз ба?

– Сайлауға түсерде нақты мақсатпен келдім. Соған сәйкес жоспар жасап, сайлауалды бағдарламамды дайындадым. Жастар мәселесіне көп екпін беретінімді айттым. Себебі Шымкент – жастар қаласы. Халықтың төрттен бір бөлігі жастар. Тұрғындармен кездесу кезінде білім саласындағы мәселелерге бей-жай қарамайтынымды, денсаулық саласындағы дертті проблемаларға араласатынымды уәде еттім. Қазіргі таңда алға қойған сол айқын мақсаттар бойынша тиісті жұмыстар атқарып келемін. Атап айтқанда, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» бірлестігімен бірге өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануға, тұлғалық келбетін қалыптастыруға жол ашатын бағдарламалар жасап, соның негізінде бірнеше іс-шаралар жүргіздік. Есірткіге қарсы күрес, буллингке жол бермеу мақсатында жүргізілген профилактикалық шаралардың бел ортасында жүрдім.
Дәл осы салауатты өмір салтын ұстану балалық кезден басталуы тиіс. Бұл ретте қалада ойын алаңдарының, спорт кешендерінің болуы аса маңызды. Өз бағдарламамда балаларға, жасөспірімдерге ойын алаңшаларын, спорт алаңдарын салуға басымдық берілген. Депутат болған жарты жылдан аса уақыт ішінде сол басымдықты іске асыруда нәтижеге қол жеткізе алдым. Осы жылдың өзінде Әл-Фараби ауданы әкімдігімен бірлесіп №15,16,17,18 және Күншығыс, Теріскей шағын аудандарындағы біраз үйлердің аулаларына 15 ойын, спорт алаңдары салынды. Әу баста жиыны 40 ойын алаңын ашу жоспарланған. Бірақ 20-ға жуық ойын алаңын салу бойынша ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқан мердігерлер бір-бірін сотқа сүйреп кетті. Салдарынан іс тұралап қалды. Бірақ келер жылы жұмыстар міндетті түрде орындалады.

– Науқан кезінде тұрғындарға көптеген уәде бердіңіз. Оларды шешу үшін қандай жұмыстар атқардыңыз? Нендей жобалар жасап, бастамалар көтердіңіз?

– Иә, тұрғындардың талабын тыңдап, үй төрайымдарымен жиі кездестім. Олар үй шатырларының жөндеу жұмыстарына сұранып тұрғанын, кәріз жүйелерінің тозығы жеткені сынды мәселелер көтерді. Осы бағытта тиісті жобалар қолға алынды. Нәтижесінде биыл өз сайлау оуругіме қарасты бірнеше көпқабатты үйдің шатыры ауыстырылды. Кәріз жүйелерін жаңарту бағытында құрылыс жұмыстары жүргізілді. Инфрақұрылымды жаңарту мақсатындағы құрылыс жұмыстары келер жылы да жүзеге асатын болады.

– Сізге алғаш депутаттық куәлік пен төсбелгі тапсырылғанда қандай күйде болдыңыз?

– Сайлауға бір мандатты округ бойынша қатыстым. Мұндай жүйе бойынша сайлауға түскенде бәсеке көп болады. Жеңістің ауылы алыс, жеңіліс жақын тұрғандай күй кешесің. Міне сондай қобалжу, толқуда жүріп, қолыңнан іс келетінін дәлелдеу, халықтың сеніміне ие болу оңай емес. Шешуші сәтте халықтың саған сенім артқанын сезіну бір бөлек те, мәслихатқа келіп мандат алу өзгеше сезім. Үлкен мәртебе. Қуаныш.
Сайлау кезінде де айтқанмын. Қазір де айта кетейінші. Жалпы біреуден артық, өзгеден кем өмір сүрмеймін. Өз кәсібім бар азаматпын. Депутат болудағы мақсатым жеке мүддемді қорғау емес, өзімнің мүмкіндіктерімді пайдалана отырып, көпшілікке қызмет ету. Қолымнан іс келетінін дәлелдеу болды.

– Мәслихатта жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссия құрамындасыз. Бүгінге дейін комиссияда қандай өзекті мәселелер қаралды?

– Тұрақты комиссия отырысында жер дауына қатысты мәселелерді жиі қарадық. Әкімдікке оларды шешудің жолдарын ұсындық. Рет-ретімен біраз мәселелер өз шешімін табуда. Сонымен қатар Шымкент қаласы Полиция департаментімен бірге бірнеше рет отырыс өткіздік. Құзырлы органға тұрғындарды мазалаған бірнеше мәселелерді жеткіздік. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігі, тұрғындар көп шоғырланған аумақтарды жарықтандыру жайы т.б. Сонымен қатар қалада жарықшамдарды көбейту, ойын алаңдары мен спорт алаңшаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша бейнекамералар орнату туралы мәселелер көтердік.

– Өткен сессия отырыстарының бірінде Шымкенттегі 1000-нан аса полиция қызметкерлерінің пәтер жалдап тұруы үшін оларға жыл сайын бюджеттен 3 млрд-қа жуық қаржы бағытталатыны, мұндай механизмнен гөрі қаржыны ипотекамен үй алу үшін алғашқы жарна ретінде бағыттаған тиімді деген мәселе көтерілді. Бұған сіздің алып, қосар пікіріңіз қандай? Жалпы осы мәселе бойынша нақты шешім шықты ма?

– Полицейлердің пәтер жалдап тұруына бюджеттен қаржы бөлу тетігі тек Шымкентте емес, еліміздің өзге қалаларында да жүзеге асады. Сіз айтқан мәселе бойынша яғни, қаржының нысаналы мақсатын пәтер жалдап тұру үшін емес, ипотекамен үй алу үшін алғашқы жарна жасауға ауыстыру туралы депутаттардың ұсынысын Шымкент қаласы Полиция департаментіне, қала әкімдігіне жеткіздік. Бұл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күн демей, түн демей жұмыс істеп жүрген полиция қызметкерлері үшін үлкен көмек болар еді. Өз кезегінде мәслихат тарапынан Ішкі істер министрлігіне хат жолданды. Алдағы уақытта жауап келеді. Бұл бастама қолдау табады деп ойлаймын.

– Сіздің пікіріңіз бойынша Шымкенттегі ең өзекті үш мәселе не?

– Біріншісі, қоқыс мәселесі дер едім. Жыл басында қалада қоқыс мәселесі күн тәртібінен екі-үш айлап түспейді. Осыншама уақыт бойына қаладағы көп жерлерде қоқыстар жиналмайды. Немесе уақытында алынбайды. Қоқыс жинайтын фирма табылмайды. Мемлекеттік сатып алу өткізілмейді. Одан өзге тарифтердің өскенін күтіп отырмыз деген әңгімелер шығады.
Қала – мегаполис. Сондықтан да бұл бағытта ешқанай мәселе туындамауы керек. Осы мәселеде пысықтау, реттеу жұмыстарын күшейту қажет. Әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ендігі кезекте талап күшейіп, мәселе түбегейлі шешілуі тиіс. Және қалдықтарды жинаумен қатар, оны өңдейтін өндіріс орнын салуға көңіл аудару керек. Өңдеу өнеркәсібі жолға қойылмаса қоқыстар полигонда тау болып жинала береді. Салдарынан ауа сапасы да нашарлай түседі. Бұл өзге де проблемалардың туындауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Негізінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу ісінде Қытай елінен көп нәрсе үйренуге болады. Аспан асты елі әлемдегі барлық тұрмыстық қалдықтардың 20 пайызын өңдейді. Тіпті ол елде үйлердің алдына арнайы агрегаттар орнатылады. Ол жерге тұрғындар тамақ қалдықтарын тастайды. Келесі күні сол тасталған қалдықтан тыңайтқыш пайда болады. Осы сынды тың тәжірибелерді неге өз жерімізде қолданысқа енгізбеске?!
Екінші мәселе – кептеліс. Қала күн санап өсуде. Демографиямыз артуда. Күні кеше Қазақстан халқының саны бойынша статистика жаңарды. Жиырма миллион болдық деп сүйіншіледік. Ал Шымкент қаласы халық саны ең көп өскен қала ретінде белгіленді. Тұрғындар саны артқан сайын, көлік тізгіндейтіндер де көбейеді. Соған сәйкес кептелісті болдырмайтын тетіктер жасалуы тиіс. Негізінде кептелісті барынша азайту үшін жолдарды кеңейту, жаңа магистральдар салу, жерасты өткелін жасау, қала сыртынан айналма жолдар түсіру сынды жұмыстар атқарылуда. Бірақ осы бағыттағы жоба-жоспарларды жетілдіре түсу керек деп санаймын. Атап айтқанда, қаланың шет жағында жаңа үйлер, жолдар салынып, шағын аудандар құрылуда. Енді сол жолдар кең болуы тиіс. Себебі ертең он жылдан кейін ол жолдарда көлік қозғалысының қарқыны артады.
Үшінші мәселе жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарда жолдар түсуі керек. Жол салынбаған жерге қоғамдық көлік жүрмейді, такси бармайды. Жедел жәрдемнің де жете қоюы неғайбыл. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне, түрлі оқыс жағдайлар мен күтпеген оқиғалардың орын алуына себеп болуы мүмкін.

– Тиісті мекемелерге жолдаған депутаттық сауалыңызда қандай мәселелер көтердіңіз?

– Инфрақұрылым мәселесін шешуге ықпал ету бойынша Шымкент қаласы әкімдігіне бірнеше депутаттық сауалдар жолдадым. Қалада жаңадан құрылған Сәуле, Тұран мөлтекаудандарын газдандыру, жол салу бойынша хат жаздым. Бұл кезек күттірмеуі тиіс. Себебі қаланың әрбір тұрғыны инфрақұрылым игілігін сезінуі тиіс.

– Қоғамдық қабылдауыңызда тұрғындар сізге қандай мәселелерді көтерді? Оларды шеше алдыңыз ба?

– Бір қоғамдық қабылдауға 15-20 тұрғын жазылады. Ашып айтайын, қоғамдық қабылдауға келген көп адам жеке мәселесін шешуді сұранады. Яғни, бір реттік материалдық көмек беру жағын қарастыруды айтады. Қолда бар болса бөліскен жақсы. Ақшам тасып жатқаннан емес, туған жерімнің патриоты ретінде мұқтаж азаматтарға көмек беремін.
Одан өзге қабылдауға келген көп адамның көтеретіні тұрғын үй кезегіне қатысты болады. Біразы кезегінің келмей жатқанына көңілдері алаң болып жүргенін айтады. Бұл ретте біз заң аясында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

– Халықтан алғыс алдыңыз ба?

– Білетінім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз демекші, халықтың алғысын арқалап жүрмін деп айтуға тым ерте сияқты. Мұндай құрметке ие болу үшін әлі көп жұмыс істеу қажет.

– Ал отбасында қандай әкесіз? Отбасыңызға уақыт бөлесіз бе? Тарқатып айтсаңыз.

– Бос уақытым болып жатса оны отбасыммен өткіземін. Демалыс күндерімді отбасыма арнаймын. Өзім футбол ойынын жақсы көремін. Балаларыммен тұрақты түрде футбол ойнаймын. Оларды жұмыс орныма апарамын. Санасы тұрмыстан бір сәт тынықсын деп жұбайымды кешкі асқа, концертке апарамын. Отбасы үлкен мәнге ие. Сондықтан да оны сақтап, қорғап, оның әрбір мүшесін құрметтесең өзіңде сыйлы боласың.

Сұхбаттасқан,
С.ИБРАГИМОВА.