ШЫМКЕНТТІК АҚ ХАЛАТТЫЛАР ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
Шымкент қаласында медицина саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Күні бүгінге дейін шаһар аумағындағы көптеген медицина нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар материалдық-техникалық база да уақыт өткен сайын жаңарып келе жатыр. Бұл ғана емес, ақ халаттылардың тәжірибесін толықтыру үшін шетелде тәжірибе алмасу тәсілі жолға қойылған. Жуырда шымкенттік дәрігерлердің Түркияға барып, тәжірибе алмасқанын қалың оқырманға газетіміз арқылы хабарлаған едік. Енді міне, көп көңіл бөлінген саланың мамандары еліміздің үздігі атанып отыр. Тарқатайық…
Жуырда Астана қаласында «Медицина үздігі – 2023» байқауының финалистерін марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың дәрігерлері, денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. «DENI SAU ULT» ұлттық медициналық саммиті аясында өткен салтанатты жиында Шымкент қаласындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері үздік атанып, марапатқа ие болды. Нақтырағы, еліміз бойынша жедел жәрдем қызметіндегі «Үздік фельдшер» номинациясымен шымкенттік Шәкіров Қанат Маханбетқұлұлы марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жүйесінің дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін «Медицина үздігі 2023» республикалық конкурсының «Үздік стационар мейіргері» номинациясымен №1 қалалық клиникалық ауруханасының медбикесі Гаухар Құралбаева марапатталды.
Еңбегі еленген ақ халатты абзал жандардың арасында Шымкент қалалық №4 емхананың қызметкері де бар. Емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Сапар Ақжарқын Абайқызы ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Айта кету керек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған саммитке еліміздің барлық өңірінен 1500-ге жуық қатысушы жиналған. Іс-шара медицина саласындағы соңғы жаңалықтарды саралайтын орта мен тәжірибе алмасу алаңына айналды.