АЛА ШАПАНДЫ АҒАЙЫН ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТЕН ҚЫРУАР ПАЙДА ТАУЫП ОТЫР
ал біз отандық өнімді импортқа жығып беріп отырғанымыз жоқ па?
Отандық өнімнің әлеуетін арттырмасақ, импортқа кіріптар болып қала беретініміз белгілі. Бұл бағытта елімізде қыруар іс атқарылып жатыр. Әйткенмен нәтижесі бойынша көңіл көншітпейтін салалар бар. Ол қатарға жеңіл өнеркәсіпті жатқызуға болады. Жыл сайын жаңа кәсіпорындар ашылып, тауар шығарып жатқанымен, ішкі нарықтағы көрсеткіш төмен құлап барады. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.
Елімізде тігін, тоқыма және аяқ киім өндірісі артып жатыр. Әйткенмен ішкі нарықтағы бәсекеде импорттың бәсі биік болып отыр. Еnergyprom.kz жуырда кезекті зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Оған сенсек, 2021 жылдан бастап биыл тамызға дейін еліміздегі жалпы сату көлеміндегі отандық өндірушілердің үлесі «QazIndustry қазақстандық индустрия-экспорт орталығы» АҚ мәліметінше, 10 пайыздан 6,5 пайызға дейін төмендеді. Себебіне келсек, отандық тоқыма және тігін фабрикалары бірнеше жайтқа орай Қытай және Орталық Азия елдерімен бәсекеге түсе алмайды. Соның бірі — шикізатты өңдеу деңгейінің төмендігі. Еліміздің негізгі мақта егетін өңірі Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, жиналған мақта шикізатының тек 15 пайызы ғана республикада терең өңделеді. Қалғаны өңделмей шетелге жөнелтіледі. Кедендік статистикаға жүгінсек, біз мақта талшығын Өзбекстанға, Ресейге, Түркияға сатамыз. Кейіннен ол қосымша құны бар дайын өнім түрінде елімізге оралады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, олар өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Дегенмен өңір мақташылары мен өзбек инвесторы арасындағы келісімшартқа қарағанда, бұл бұрынғысынша шикізат базасы ретінде әрекет ететін жобалар болады. Келісімге сәйкес, Өзбекстанның «Global Textile Group» тоқыма компаниясы біздің диқандарымызды сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, егін жинаған соң олардан мақта сатып алмақ.
Ұлттық статистика бюросының қаңтар-қазан айларындағы мәліметтеріне сүйенсек, ресурстар мен өнімді пайдалану балансы жеңіл өнеркәсіптің көптеген баптары бойынша импортпен салыстырғанда отандық өнімнің үлесі өте аз екенін көрсетеді. Мысалы, кейбір қарапайым тоқыма бұйымдары, атап айқанда, шұлықтар мен колготкилер Қазақстанда аз мөлшерде шығарылатыны сонша, олар ақшалай түрде нарықтың 4,1 пайызын ғана қамтиды. «Сыртқы киім» санатында он айда елде 107 млн-нан астам тауар сатылды, оның тек 0,4 пайызы ғана «Қазақстанда жасалған» деген белгіге ие болды. Жоғары көрсеткіш кілем нарығына тиесілі. Мұнда өндірушілер ішкі нарықтың 26,1 пайызын иеленеді.
Қош делік, ендеше ел ішіндегі көрсеткіштерді өзге елдермен салыстырып көрелік. Сандарға сенсек, Өзбекстан Республикасы өңірдегі жетекші елдердің бірі болып отыр. Ресми статистикаға сүйенсек, олар былтыр 61,3 трлн өзбек сумына немесе 5,5 млрд АҚШ долларына киім-кешек пен тоқыма бұйымдарын өндірген. Оның ішінде 3,5 млрд АҚШ долларының тауары экспортталды. Бұл мәліметті «Узтекстильпром» қауымдастығы келтіріп отыр. Бұл елде жеңіл өнеркәсіптің өте белсенді дамуын өндіріс құнының динамикасы көрсетеді. Атап айтсақ, 2021 жылмен салыстырғанда 17,7 пайызға көбейген. Өзбекстанның тоқыма өнеркәсібіндегі өндіріс қуатының бұл артуы пандемия кезінде болды. 2020-2021 жылдары Өзбекстанның жеңіл өнеркәсібі дамуда күрт секіріс жасады.
Ал Қырғызстан көрсеткіштері бұдан әлдеқайда аз. Қырғыз Республикасының Ұлттық статистикалық комитетінің мәліметінше, былтыр елдегі өндіріс көлемі шамамен 10,5 млрд сомды немесе 124,3 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткішті дағдарыс деп атауға болады. Өзбекстаннан айырмашылығы, Қырғызстандағы өндіріс пандемияның бірінші жылында күрт төмендегенін көрсетті. Өнеркәсіп әлі де қалпына келеді. Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібінің ерекшелігі — оның Ресей мен Қазақстаннан келген тапсырыс берушілер үшін келісімшарттық тігін өндірісін дамытуға бағытталғандығы.
Ал отандық тауар өндірушілер былтыр өнім көлемін 7,2 пайызға ғана арттырған. 2022 жылға жалпы сома шамамен 178 млрд теңгеге немесе 386,5 млн АҚШ долларына жетті. Биыл алғашқы үш тоқсанда өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 139,6 млрд теңгені құрады. «QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінің бұл сегменті жыл сайын 25 пайызға өсті. Бұл «кілем өндірісі» санатындағы көрсеткіштердің 25,8 есе өсуіне байланысты болып отыр. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі өте аз. Көрсеткіш — бар болғаны 0,9 пайыз. Бұл ретте Өзбекстанда тоқыма өндірісінің үлесі 13,7 пайыз, тігін өнеркәсібінің үлесі елдің өңдеу өнеркәсібінің 3,8 пайызын құрайды. Бұл — былтырдың деректері. Қарап отырсақ, біздің ел мен аталған елдегі көрсеткіштердің ара-жігі өте үлкен.
Мемлекеттік қолдау шаралары да түрліше. Өзбекстанда президенттік билік ауысқаннан кейін жеңіл өнеркәсіптің даму векторы күрт өзгеріп, бұл сала басымдыққа ие болды. Өзбекстан Республикасында үкімет деңгейінде мақта шикізатын экспорттауға толық тыйым салатын бағдарламалар қабылданды. Ал 2026 жылға қарай билік елден жіп шығаруға тыйым салады. Мемлекет сыртқы нарыққа дайын өнімді жеткізуді ұлғайту үшін барлығын жасап жатыр. 2027 жылға қарай тоқыма және тігін экспортының көлемін 10 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр. Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары осыған бағытталған. «Узтекстильпром» қауымдастығының мәліметінше, салаға несиелік қаржыландыруға 300 млн АҚШ доллары бөлінген. Бұл ақша өндірушілерге өнімінің жартысын экспорттау шартымен аз ғана пайызбен беріледі. Шетелде мемлекет өзбек тоқыма компанияларына да қолдау көрсетеді. Яғни оларға дүкен немесе қоймаларды жалға алу ақысының барлығын төлейді. Фирмалар өз тауарларын Еуропаға, Түркияға, Америкаға, Кореяға және Жапонияға жөнелтсе, көлік шығындарының 70 пайызы өтеледі деп есептей алады.
Ал бізде жағдай басқаша. Елімізде екі салалық одақ — Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы және «Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлерінің ұлттық қауымдастығы жұмыс істейді. Ұйым мамандары үкімет пен депутаттарға саланы қолдаудың қосымша шараларын енгізу туралы өтініштермен мерзімді түрде жүгінеді. Бірақ олардың даусы үнемі естіле бермейді. Республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Qaz Textile Industry басшысы Гүлмира Уахитова былай деген болатын «Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласындағы қазіргі инвестициялық саясаты импорттық өнімдердің басым орын алуына мүмкіндік берді. Біз үкіметпен үнемі байланысып тұрамыз, біз оларды хаттар мен шағымдармен бомбалаймыз, бірақ жауап ретінде бізге сылтаулардан басқа ештеңе келмейді. Отандық тауар өндірушілерді қолдайтын мемлекеттік саясат керек. Шенеуніктердің кінәсінен бізде әлі күнге дейін терең өңдеп, дайын өнімді шығарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Шетелден арзан өнім алу үшін қазақстандық компанияларды кемсітушілік бар».
Ал жауапты салалардың жауабы тіпті бөлек. Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл «Индустриялық даму қоры» АҚ жеңіл өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларға 3 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие береді. Қаржыландырудың шарты — жұмыс орындарын міндетті түрде құру. Мұндай инвестициялық жобалар пулында қазірдің өзінде 60 компания тіркелгені белгілі. Жарияланған басқа ынталандыруларға арнайы экономикалық аймақтардың резиденттері үшін тартымды салық преференцияларын жасау және компанияларды технологиялық жаңартуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау кіреді. Мұндай мемлекеттік реттеу жұмыс істей ме, жоқ па 2024 жылдың көктемінде жеңілдетілген несие беру туралы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін бір жылдан кейін белгілі болады.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қолдаусыз отандық кәсіпорындардың алысқа бара қоюы неғайбыл. Ал бізде жауапты шенділер сырғытпа жауаппен уақытты босқа өткізуден әріге аса алмай отыр. Бұл қарқын сақталса, бірнеше жылда ала шапанды ағайынның өніміне кіріптар боларымыз жасырын емес. Ал мұны неге жауапты басшылардың білмей немесе көзге ілмей отырғаны белгісіз…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.