ЖАҢА ЖЫЛДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАЙ МА?

Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын базардағы бағаның құбылуы – қалыпты жағдай. Қазірдің өзінде бірнеше сұранысқа ие тауарлар бағасы қымбаттап барады. Ал азық-түлік ше? Баға көтеріле ме? Бұл сұраққа жуырда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.

Өз сөзінде «Біріншіден, біз мониторинг жүргізіп отырмыз. Ұлттық статистика бюросы жасайтын мониторинг деректерін үнемі пайдаланамыз. Ең соңғы деген деректен мысал келтірейін, алдыңғы аптада әлеуметтік-экономикалық маңызы бар азық-түлік бағасының индексі өзгеріссіз қалды. Осы санаттағы 19 түрлі тауардың бағасы өзгерген жоқ» деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, жаңа жыл қарсаңында 37 түрлі тауардың бағасы өзгеруі мүмкін. Нақтырағы, мейрам кезінде дастарханға қойылатын өнім түрлері бойынша белгілі бір өзгеріс болады деген болжам бар. Шартты түрде бақылау жасалған 37 түрлі тауардың бағасында өзгеріс байқалып отыр. Оның ішінде жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты өнімдер бар. Осы тұста елімізде жылдық инфляция көрсеткіші 10,3 пайыз екенін еске сала кетейік. Ал қазіргі уақыттағы жаңа жыл себетіне кіретін тауарлардың бағасындағы өзгеріс 10-10,7 пайыз аралығында болып отыр.