2024 ЖЫЛЫ ҚАЖЫЛЫҚҚА НИЕТ ЕТКЕН АҒАЙЫН 17 ТУРФИРМА ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНЕ АЛАДЫ

Жыл сайын жүздеген қазақстандық қажылыққа барады. Өз кезегінде, шекара асып шетке шығатын азаматтардың көптеген турфирмаларға жүгінетіні де белгілі. Әйтсе де соңғы уақытта аталған жауапкершілігі жоғары жұмысты табыс көзіне айналдырған алаяқтардың бар екені белгілі болды. Қыруар қаржы беріп, сан соғып қалған ағайынның бүгінде турфирмалардың қызметіне күдікпен қарайтыны да жасырын емес. Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған мекемелердің қызметіне жүгіну керегін ұмытпау керек. Ресми дерекке сүйенсек, 2024 жылы қажылыққа ниет еткен жамағатқа қызмет көрсету құқығына 17 турфирма ие болды.

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен брифингте ҚМДБ Төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Ағыбайұлы айтты. Оның сөзінше, әр жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти бастаған делегациясы мен Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі арасында келісімшарт жасалып, қажылық орындары алынады. Сауд Арабиясы Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстанға бөлген қажылық орындарын республикалық ислами діни бірлестік болған соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ғана береді. Осы орайда, 2024 жылы ресми 17 турфирма қажылыққа ниет еткен жамағатқа қызмет көрсетеді. Осы 17 қажылық турфирманың атауы мешіттердегі ақпарат тақтайшаларына ілінеді. Олар — «Хикмет Тревел» ЖШС, «Атлас Туризм» ЖШС, «Қызмет Саяхат» ЖШС, «Tawaf Travel» ЖШС, «Хидаят-Нур» ЖШС, «Нұр-Қазақстан» ЖШС, «Nurkhan travel» ЖШС, «Сембекова и К» ТС, «Sanabl kz» ЖШС, «Mina travel» ЖШС, «Ал-Маруа» ЖШС, «Ордабасы – НЖ» ЖШС, «Robinzon kz» ЖШС, «Delta Tour» ЖШС, «Иман Travel Тур» ЖШС, «Dostik travel» ЖШС, «Qazaq Sapar» ЖШС.
Демек конкурстан өткен 17 туроператор қажылардың қауіпсіздігіне, оларды Мекке-Мединаға апарып-әкелуге, қонақ үй және ас-сумен, транспортпен қамтамасыз етуге және тиісті құжаттарын рәсімдеуге міндеттеледі. Аталмыш туроператорларға 20 желтоқсанға дейін азаматтардың қажылық орындарын брондап және осы туроператордың біріне тіркелуін жан-жақты насихаттау қажеттігі тапсырылды. Айта кету керек, 2024 жылы қажылық маусымы өзгеше болады. Басты ерекшелік биыл желтоқсан айының соңына дейін ресми тіркелген 17 турфирманың біріне тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл желтоқсан айының аяғына дейін қажылыққа ниет етушілер толық тіркелген елдерге қажылық орындары беріледі. Яғни 15-20 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай, Қазақстан азаматтары үшін бөлінетін қажылық орындарының саны айқындалады. Өз сөзінде «Қажылыққа ниеттенген адам аталған 17 турфирманың біріне ертерек жазылып қоюы тиіс. Әлі уақыт бар, үлгереміз деп немқұрайлы қарауға болмайды. Талап өзгеріп отыр. Қажылық бес парыздың бір құлшылығы болғандықтан, бұған сақтықпен қарап, біреудің ақысына кіріп қоюдан, жалған ақпараттардан сақ болуға шақырамыз» деді ҚМДБ-нің найб мүфтиі Ершат Ағыбайұлы.
Бұдан бөлек, брифинг барысында «Қажының рухани келбеті» тұғырнамалық құжаты туралы да айтылды. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының «Қажының рухани келбеті» құжатын дайындаудағы басты мақсаты – азаматтардың қажылық мәдениетін қалыптастыру. Ол үш тараудан тұрады. Онда қажылыққа рухани дайындық, қажылық мәдениетін сақтау, қажының рухани келбеті қандай болуы керек екендігі туралы кеңінен айтылады. Өз сөзінде ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жандилла Мамытханұлы Бекжігітов «Жалпы қажылық парызын өтеуге ниеттенген адам неге дайын болуы керек, не істеу керек, нені білу керек, қалай рухани және техникалық тұрғыдан дайын болу керек барлығы осы құжаттамада қамтылған. Бес парыздың бірі болған қажылық құлшылығын өтеп келген отандастарымызды қоғамда көркем мінезімен, өнегелі істерімен үлгі көрсетуге және қажы деген құрметке лайықты болу керек. Сол тұрғыдан алып қарағанда «Қажының рухани келбеті» тұғырнамалық құжатын ел арасында, жамағат ішінде кеңінен насихаттау керек» деп атап өтті.