ШЫМКЕНТ: ТАҒЫ БІР ШАҒЫНАУДАН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ
Қыс келіп, сарышұнақ аяз елді біраз әбігерге салды. Десе де қыстың қамына ерте кіріскен жергілікті әкімдіктің жоспарлы жұмыстары аяқталып келеді. Осылайша Шымкентте тағы бір шағынаудан көгілдір отынға қосылып отыр. Тарқатайық…
Шымкенттегі Абай ауданына қарасты Нұршуақ елді мекенінде табиғи газға қосу жұмыстарының 2-кезеңі аяқталды. Нәтижесінде 110,597 шақырымды құрайтын газ құбыры жүргізіліп, 3 500-ден астам абонент көгілдір отынға қосылып отыр. Бұл ғана емес, жыл соңына дейін қала аумағындағы Тұран, Бозарық, Асар-2, Сауле, Ақтас-1, Ақтас-2, Арғымақ және Нұршуақ шағынаудандарында табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталып, көгілдір отынмен қамтылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаладағы қамту көрсеткіші 94 пайыздан 96 пайызға артпақ.
Бұдан бөлек, Қайнарбұлақ елді мекенінде І, ІІ кезең құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы толық аяқтап, 14 403 абонентті табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.
Ж.БАЛАУСА.