САЛАЛАРДАҒЫ КӨРСЕТКІШТЕР САРАЛАНДЫ

Өңірдің өңі өзгеріп, дами түсуі жергілікті атқарушы биліктің жұмысына тікелей байланысты. Тізгінді қолға алған әкім іскер болса, істің өрге домалайтыны белгілі. Ал енді есеп үшін ғана төбе көрсетіп, ескі әдіске жүгінсе, бұқараның батасын, әлеуметтің алғысын ала алмасы анық. Бұлай деуіміздің өзіндік себебі бар. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың миллионнан аса халқы бар мегаполиске басшы болып келгеніне көп бола қойған жоқ. Әйтсе де сыртқы һәм ішкі саясатта жүріп ысылған кәнігі кадр шаһар тіршілігіне тез араласып, көптің көңілін табуға шындап кірісіп кетті. Нәтиже бар. Бүгінде әлеуметтік желідегі ағайын әкімнің іскерлігі турасында жиі жазатын болған. Бұл ғана емес, жуырда ҚР Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында шаһар басшысы үшінші мегаполистің экономикалық тұрғыдағы тиімді тұстарын, әлеуметтің базынасы мен өңірдің өзекті мәселелерін жетік меңгергенін аңғартты. Міне, дәл осы жиында Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері турасында біраз ақпаратқа қанық болғанымыз жасырын емес. Бүгінгі материалымызда дәл осы тақырып төңірегінде тарқатпақпыз…

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған уақыттан бері шаһардағы экономикалық көрсеткіштер жоғарылады. Әсіресе, инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытына айрықша көңіл бөлінді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкенттің ауыз толтырып айтар жетістіктері көп. Мәселен, соңғы жылдарда өңдеу өнеркәсібі саласында көптеген бастамалар жүзеге асты. Бір ғана биылдың өзінде 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Күні бүгінге дейін жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асты. Нәтижесінде 380-ге жуық жұмыс орны ашылды. Оның ішінде «Shymkent Temir» болат блюм өндіретін кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын арттыру жобасы бар. Құны 5 млрд теңгені құрайтын бастама жылына 250 мың тонна өнім алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта кәсіпорын 250-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұдан бөлек, «NURTAU distribution company» кәсіпорнын да айрықша айта кетуге болады. Азық-түлік емес өнімдер, дымқыл майлықтар, антисептиктер, сұйық және қатты сабын шығаратын зауыттың құны 5 млрд теңгені құрайды. Жылына 16 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорында 40 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Айрықша айта кетерлігі, 4 жылда қала экономикасына 1,5 трлн теңге инвестиция тартылып, көлемі 3 есеге артқан. Ендігі мақсат – алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 6 трлн теңгеге жеткізу. Бұл биікті еңсеру бойынша әкімдіктің өз жоспары бар. Бұл турасында қала басшысы «Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде, 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында- 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге -594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға- 128 млрд теңге, ауылшаруашылығына -363,9 млрд теңге жоспарланып отыр» деп атап өтті. Жоспар жүзеге асса, 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы бір ерекшелігі, жергілікті әкімдік қазіргі уақытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп жатыр.
Шымкент дамуының әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштерінің бірі — жұмыс істеп тұрған өндіріс алаңдары. Қазіргі таңда шаһарда 5 өндірістік аймақ бар. Онда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Бүгінде индустриялық аймақтар экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр. Қазынаға түскен салықтық түсімдер 59 млрд теңгеге жетті. Жалпы өңірге тартылған инвестиция барлық салаларға оң әсерін тигізіп жатыр. Аталған индустриалық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында ревизия жұмыстары жүргізілуде. Ондағы басты мақсат — индустриалық аймақтарды жандандырып, өнім көлемін арттыру. Бұл бастама нәтижесін беріп жатыр. Ревизия жұмыстарының нәтижесінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анықталған. Алдағы уақытта бұл жерлерге инвесторлар тартылмақ. Жалпы өндіріс алаңдарының санын арттырудың маңызы айрықша екені айтпаса да белгілі. Бұл турасында Ғабит Сыздықбеков «Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан 867 га құрайтын 5 өндіріс аймақтарын құру қолға алынды. Бұл аймақтарда 372 млрд теңгені құрайтын 289 инвестициялық жобаны іске асырып, 12 мыңнан аса жұмыс орындарын құруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялдық аймақтарына қажетті инженерлік жүйелер тартылып, келесі жылы қолданысқа беріледі» деп атап өтті. Одан бөлек, қалада сауда-логистикалық орталығын кеңейту арқылы «Өңірлік Хабты» құру жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, инженерлік инфрақұрылым жүргізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Мемлекет басшысы халықтың өмір сапасына тікелей әсер ету экономиканың жетістігі екенін айрықша атап өткен болатын. Осыған сәйкес, елімізде әлеуметтік, полиция және өзге де азаматтық қызметшілердің жалақылары кезең-кезеңімен артуда. Жергілікті деңгейде биыл еңбекақысы төмен 16 мыңнан астам бюджеттік қызметшіге үстемақы қаралып, жалақысы 100 мың теңгеден асты. Нәтижесінде, өңірдегі орташа жалақы көлемі 17 пайызға өсіп, 270 355 теңгені құрады, медиандық жалақы 215 906 теңгеге жетіп, өткен жылдан 23 пайызға артты. Биыл халықты жұмыспен қамту шараларымен 61 мыңнан астам адам қамтылды, 36 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Халық табысының артуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушы саны 22,4 пайызға азайып отыр.
Шымкентте халық санының қарқынды өсуіне байланысты, баспанаға деген қажеттілік артып отыр. Қалада 51 мыңнан астам халық әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пәтерлі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп отыр. Бұл турасында «Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасы аясында 150 отбасыға жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл бағдарлама өз жалғасын табады» деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Жалпы мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деген болатын. Шымкентте білім беру саласын дамыту бойынша Жолдауға айтылған тапсырмаларды іске асыруда нәтижелі істер көп. Нақтырағы, білім беру нысандарын дамыту мақсатында соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған. Нәтижесінде, үшауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді. Қалада 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Еңбек нарығына талдау жүргізіліп, қажетті маман дайындау үшін колледждерге жаңа 11250 грант бөлінді. Ал қалада 39 колледж бар. Биылғы жылы 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Білімді дамыту саласы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу қарастырылған. Оның ішінде, 12 мектептің құрылыс жұмыстары басталды» деп атап өтті. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Тұран шағынауданында 500 орындық оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр.
Үшінші мегаполисте біліммен қатар, мәдениет, спорт саласын да дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Мәдениет саласында биыл халықаралық деңгейде мәдени іс-шаралар өткізетін заманауи Конгресс холлдың құрылыс жұмыстары аяқталып жатыр. Сондай-ақ 2024 жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері салынады. Одан бөлек, «Опера және балет» театры құрылысын салуға қажет құжаттама әзірленуде. Спорт саласында да нәтижелі істер бар. Қазіргі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 42 пайызға жеткен. Биыл қаламызда спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Үстел теннисі спорт кешені», «Жаңа ипподром» пайдалануға берілді. Ал «Металлург» стадионы қайта құрылып, 1 спорт мектебі іске қосылды. Жоғары спорттық жетістіктерді айтатын болсақ, биылғы жылы қала спортшылары Қазақстан Республикасының, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, 728 алтын, 593 күміс, 654 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ «Ордабасы» футбол клубы тұңғыш рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Ендігі кезекте «УЕФА» чемпиондар лигасында ойын көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласының дамуына ықпал ететін бастамалар да қолға алынып жатыр. Қала басшысы бұл тақырып төңірегінде «Денсаулық сақтау саласындағы басты мақсатымыз — тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолжетімділікті арттыру. Бүгінгі күні қалада денсаулық саласындағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беруде. Соңғы жылдары жеке емханалар ашылып, мемлекеттік ұйымдардың жүктемесі азайған. Өткен жылы шаһарда жеке инвестор есебінен қатерлі ісік ауруының бастапқы сатысын анықтайтын, сәулелі терапия орталығы ашылды. Биыл осы орталықта 553 адамға қызмет көрсетілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жалпы өлім-жітім көрсеткіші азайды. Жыл соңына дейін алғаш рет қаламызда балалар кардиохирургия бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз. Алдағы жылдары 6 жеке медицина орталықтарын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар 200 орынды жаңа заманауи перзентхана, 800 орынды университеттік клиника салынады» деп атап өтті.
Шымкентті былайғы жұрттың «жасыл қала» ретінде жақсы білетіні белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар да алдағы уақытта қарқын алады. Биыл қаладағы барлық суғару жүйесі мен жасыл желек аумақтарына зерделеу жүргізіліп, 74 ұңғыма, 65 шақырым жаңа ирригациялық жүйелер салынған. Суғару жүйелерін ретке келтіру арқылы жасыл желектер аумағы ұлғаюда. Сондай-ақ қаламызды көркейту жолында халықтың көкейінде жүрген бірнеше өзекті мәселелердің шешімі табылып жатыр. Атап айтқанда, қала орталығындағы «Спутник» гүлзары мемлекет иелігіне қайтарылып, демеушілер есебінен қайта салынуда. Бұл ғана емес, талай жылдан бері тұрғындарды толғандырып келген «Фосфоршылар сарайы» қала меншігіне өтті. Жуық арада бұл аумақта реновациялау жұмыстары басталады. Бұл турасында «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында 5 аудан тұрғындарымен кездесіп, көпшілік тарапынан көтерілген өзекті мәселелермен таныстым. Халықты толғандыратын әрбір сұрақты бақылауға қойып, жоспарға енгіздік. Түйткілді мәселені дер кезінде шешіп, жұртшылықпен кері байланысты күшейту мақсатында қабылданған шешімдерді ашық түрде жариялап отырмыз. Алдымызда атқарылатын жұмыстар ауқымды. Бастысы тек сөзбен ғана емес, нақты іспен тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға барынша жұмыс істейміз» деді қала әкімі. Қала басшысының сөзінше, тұрғындар және қоғам белсенділерімен кездесу барысында заңсыз берілген жерлер мен ғимараттар жөнінде мәселе жиі көтеріледі. Көпшіліктің ұсынысын ескеріп, заңсыз берілген жерлер мен жекешелендірілген мемлекеттік активтерді қарау жөнінде жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында құқық қорғау органдары, аумақтық департаменттер мен қоғамдық кеңес өкілдері бар.
Қорыта айтқанда, шаһар басшысының қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында көптеген тақырыптар қамтылды. Өзекті ой, батыл бастамалар көтерілді. Жоғарыда жазған көрсеткіштерді ескерсек, Шымкенттің даму қарқынына жоғары баға беруге болады. Ал алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайы біздің бақылауымызда болады…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.