БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ҚАРТТАР ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАДЫ

Әрбір азамат – қоғамның ажырамас бөлшегі. Осы орайда, елімізде әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар барын айрықша айта кету керек. Мұнда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қиын жағдайға тап болған азаматтар паналайды. Оларға сапалы қызмет көрсету ісін тиісті сала басқармасы бақылап отыр. Мұндай орталықтар Шымкент қаласында да жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Тарқатар болсақ, үшінші мегаполисте қараусыз қалған қарияларды мемлекет қамқорлығына алу мақсатында ашылған №10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 43 қария күн кешуде. Оның ішінде 10 қызмет алушы — төсек тартқан, ерекше күтімді қажет ететін жандар. Орталықта пана тапқан қарттардың ең үлкені 88 жаста. Денсаулықтары сыр беретіні анық. Сондықтан қарттар үйін аралап, қызмет алушылардың жай-күйімен танысқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева әлеуметтік қызметкерлермен қатар дәрігерлердің қызметіне ерекше назар аударды. Әсіресе медициналық қызметкерлерге қатаң талап қойылды.
Өз сөзінде «Бұл жерде қызмет алып жатқан әр азамат — сіздерге аманат. Әрине, еңбектеріңіз оңай емес. Алайда сіздерге сауапты да игі істі атқару бұйырып отыр. Өз ата-аналарыңызға қамқорлық жасағандай қарасаңыздар деймін. Өйткені қызмет алушыларға дұрыс жағдай жасалмаса, атқарылып жатқан істің барлығы бекер» деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева. Қарттар үйінде қариялардың өмір сүруін жақсартуға бағытталған тұрмыстық, медициналық, психологиялық сынды бірқатар әлеуметтік қызмет түрлері көрсетілуде. Қызмет алушыларға емдік-оңалту шаралары көрсетіліп, фито шәй беріледі. Медициналық бекет қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Дәрігерлердің нұсқаулығымен қариялар ауруханаға жатқызылып, стационарлық ем де қабылдай алады. Ота жасалған екі қария қазіргі таңда мамандардың бақылауында.

С. НҰРАЙ.