БИЫЛҒЫ ЖОСПАРЛЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛЫП КЕЛЕДІ

Күре жол – экономиканың басты тірегі. Сонымен қатар жолдың сапасы қаладағы қозғалысқа да айрықша әсер етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласының өзіндік мәселелері бар. Мәселен, қаладан шалғай жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың бірқатарының қалаға қосылғанына көп бола қойған жоқ. Сәйкесінше, сапалы жол мәселесі өзекті болып отыр. Міне, сондықтан да жол жөндеу жұмыстары қарқын алған.

Нақтырағы, үшінші мегаполисте биыл жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта ірі жолайрықтардан бөлек, жол жамылғысы тозған, магистралды және ішкі көшелерді жөндеуге басымдылық берілген.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы шаһарда 245 орталық магистраль және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 241 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар орталықта жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтетін болса, оның бірқатарында құрылыс аяқталды. Олар – Уәлиханов, Гагарин, Дулати, Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері.
Құрылысы қызу жүріп жатқан нысанның бірі – қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында салынып жатқан 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы. Жыл соңына дейін теміржол өткелінен Дамбовая көшесіне дейінгі аралықтағы Қонаев даңғылының жалғасы аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ Қызылсай шағынауданындағы теміржол өткелі арқылы өтетін кірме жолдың құрылысы 65%-ға орындалды. Жол 2024 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Теміржол асты өткелі тұрғындарды сапалы жолмен қамтамасыз етіп, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Төте жолдың қоғамдық көліктердің қатынауында да тиімділігі бар.