ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫ САПАНЫ АРТТЫРЫП, ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕДІ

Елдегі медицина саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге үнемі ерекше назар аударып, саланы дамыту үшін нақты тапсырмалар беріп келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Осы орайда, еліміздің әрбір өңірінде аталған саланы дамыту бойынша тың бастамалар қолға алынуда. Материалдық-техникалық база жаңарып жатыр.

Мәселен, жуырда ғана Шымкенттегі диагностикалық орталықта жаңа аппарат іске қосылды. Бұл жөнінде Шымкент қаласының Денсаулық басқармасы мәлімдеді. Медициналық мекемедегі зертханаға жоғары технологиялы заманауи биохимиялық, иммунологиялық зерттеулердің біріктірілген модульді Швейцария елінде өндірілген «Сobas pro» Roche Diagnostics зертханалық автоматты анализаторы орнатылды. Орнатылған жаңа қондырғы зертханалық зерттеулердің ең жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Яғни бір сағат көлемінде 2000 тест жүргізуге және нәтижесін 2 сағат көлемінде шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған анализатор оңтүстік өңірдің мемлекеттік медициналық мекемелерінде алғаш рет Диагностикалық орталық зертханасында іске қосылып отыр.
Анализатордың жоғары өндірушілік қабілеті, қателіктерге жол бермейтін бағдарламасы, зерттеулердің жоғары деңгейдегі сапасын қамтамасыз етуі тұрғындарға сапалы зертханалық зерттеулерге қолжетімділігін арттырады. Осындай жоғары технологиялы анализатордың жұмысымен танысу мақсатында Шымкенттегі медициналық ұйымдардағы зертхана мамандарынан бөлек, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысынан келген қызметкерлер шеберлік-сыныпқа қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.