ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫН САЛУ ҚАЖЕТТІЛІГІ ТУЫНДАУДА
Бүгінде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созып, қоғамға сіңісуіне көмектесетін бірқатар әлеуметтік мекемелер жұмыс істейді. Шымкент қаласында дәл осы бағытта жұмысын жүргізіп келе жатқан мекемелер бар. Оның шарапатын көрген жандардың да қатары қалың. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік тарапынан мұндай орталықтардың жұмысын жетілдіре түсуге барынша көңіл бөлініп келеді. Тіпті, шаһар басшысының өзі ылғи барып, ондағы мекеме қызметін алып жатқан көппен тілдесуді әдетке айналдырған.
Мәселен, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барып, жұмысымен танысты. Мұнда тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұратын адамдар қабылданады. Оларға 7 бағыт бойынша әлеуметтік көмектер көрсетіледі. 1983 жылы салынған орталықтың ғимараты 160 орынға арналған. 2006-2007 жылдары ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен шатыры ауыстырылған. Қазір жеке тұлғаға тиесілі жер телімін мемлекет қажеттілігіне алып, қосымша 50 орындық 2 қабатты заманауи ғимарат құрылысын жүргізу көзделуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу үшін ұсыныс хаттар жолданған.
Қала әкімі аталған басқарманың басшысына орталық аумағындағы 0,0535 га жер телімінің легализациясымен жеке тұлғаға заңдастырылу мәселесін зерделеп, шұғыл ретке келтіруді тапсырды. Ал сала басшысына әлеуметтік бейімдеу орталығы ғимаратына күрделі жөндеуден өткізу және қосымша ғимарат салу үшін зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берді.