ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ҚЫС МЕЗГІЛІНЕ ДАЙЫН БА?
Қыс алыс демеңіз, қыр астында. Жыл сайын жылу маусымы жақындаған уақыттан бастап жылу қазандықтарының сапасы мен қызметі көпті қызықтыратыны белгілі. Өйткені соңғы уақытта еліміздің теріскейінде орын алған жайсыз жайттың аязды күнде ағайынды әлекке салғаны ұмытыла қойған жоқ. Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасы БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, қаладағы жылу қазандықтарының жай-күйімен таныстырды.
Үшінші мегаполисте қазіргі уақытта «Қуатжылуорталық -3» мекемесіне тиесілі 23 қазандық пен 17 сорғы станциясы халыққа жылу беруде үздіксіз жұмыс істеп тұр. Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдары алдымен Нұрсәт шағынауданына жылу беріп отырған қазандықтың жұмысымен танысты. Бұл қазандық 127 көпқабатты үй мен 8 әлеуметтік нысанды жылытады. Бұл туралы «Қуатжылуорталық-3» мекемесі директорының бірінші орынбасары Нұрбек Орынбаев айтып берді. Өз сөзінде «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне тиесілі қазандықтардың 21-іне табиғи газ, 2-еуі қатты отын қолданылады. Жылу беру маусымына дейін 1100 тонна көмір алынды. Қазір барлық қазандық жоспарға сай жұмыс істеп тұр. Үйлерге жылу беру ісі даладағы ауа райына тікелей байланысты. Қазір ауа райы +15-+20 С көрсетіп тұрса, жылу қазандықтарынан +65 С жылу беріліп жатыр. Біз бұл мақсатта «Қазгидромет» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қолайсыз ауа райы туындайтын болса алдын ала хабар беріп, кестеге сәйкес мамандар жылудың градусын белгілейді. Мәселен, өткен жылы ауа райы -27С көрсеткенде орталықтағы қазандықтардың градусы +90 +95 С-ке көтерілді» деді ол.
Аталған мекемеге қарасты 823 шақырымды құрайтын жылу жүйесі шаһардағы 2 мыңнан астам көп қабаттыүйді жылумен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, 1,2 мыңға жуық әлеуметтік нысан мен кәсіпкерлік ғимараттарға жылу таратады. Шымкент қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тимур Оспановтың айтуынша, биылғы жылу беру маусымы алдында 8,9 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы, 4,5 шақырым жүйеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Күрделі жөндеу екі нысанда жүргізілді. Яғни Нұрсәт шағынауданы мен Адырбеков көшесіндегі жылу құбырлары жаңаланды. Қазіргі сәтте Шымкентте жылу құбырларының тозу деңгейі 37 пайызды құрап отыр. Алдағы 2024 жылы 10 шақырым жылу құбырын жаңалау үшін бюджеттік өтінім берілді.
БАҚ өкілдері Солтүстік-Батыс шағынауданында орналасқан қазандық жұмысын да бақылады. Өткен ғасырдан бері келе жатқан нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңалануда. Осының арқасында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы үш қазандықтың біреуі іске қосылған. Қалған екеуі резервке алынған. Бұл туралы жауапты өкіл Әбісаттар Әбдіғаппарұлы айтып берді. Маман өз сөзін «Ауа райының жылылығына байланысты қазір бір қазандықтан жылу таралып жатыр. Күн -10 градусқа төмендесе екінші қазандықты іске қосамыз. Қақаған аяз болып, ауа райы -30 градустан да төмен болса, резервтегі үшінші қазандық іске қосылады. Өздеріңізге белгілі өткен қыс мезгілінде, атап айтқанда қаңтар айы өте суық болды. Сол кезде біз екінші қазандықты қосып, 440 көпқабатты үй мен өзге нысандарға жылу қалыпты деңгейде жетті» деп түйіндеді.