ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ 9 АЙДА 21 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева 2023 жылдың 9 айында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар төңірегінде өткен баспасөз брифингте айтты.
Брифинг барысында «2022 жылы 46 мектеп пайдалауға берілді. Оның бесеуі — мемлекеттік, қырық бірі — жекеменшік мектептер. Ал 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде үш ауысымда оқытатын 3 мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталды» деді басқарма басшысы Нұргүл Шәмшиева. Сонымен қатар 13 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. 2023 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы және 150 орындық Саз мектебі пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Тұран шағынауданында 500 орындық 1 оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 1 колледжге 300 орындық қосымша құрылыс жүргізіліп, 2023 жылы пайдалануға беріледі. Ал 9 мекеме ғимараты күрделі жөндеуден өтуде, 4 мектепке спорт алаңшасы орнатылды.
Білім беру ошақтарын жаңа модификацияланған кабинетпен қамту бойынша 105 кабинет орнатылса, 48 кабинет және 299 интерактивті панельдер орнатылды. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 72%-дан 85%-ға артып отыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына 100% арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, І дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісімшарт түзілді.