ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ СИАНЬ ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Сиань қалалық партия комитетінің хатшысы Фан Хунвэй бастаған ресми делегациямен кездесті. Басқосу барысында достық, ынтымақтастық байланыстарды дамыту тетіктері талқыланды. Екіжақты ұзақ мерзімге бағытталған экономикалық, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық, мәдени іскерлік және сауда қатынастарын дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.
Биыл мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында «Өзара серіктестік орнату» туралы меморандумға қол қойылды. Қалалар арасында бауырластық байланыстар орнатылуына орай, биыл 4-6 шілде аралығында жергілікті делегацияның Сиань қаласына сапары өткен болатын.
Жиын барысында «Туристік әлеует пен кәсіпкерлік байланысты нығайтуға септігін тигізетін Шымкент – Сиань – Шымкент бағытында тікелей әуе рейсін ашу мүмкіндігі қарастырылып, екіжақты бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Қала әкімдігі тарапынан екі елдің кәсіпкерлері арасындағы сауда қатынастарын орнату және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары аясында жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі кездесу сындарлы ынтымақтастыққа ықпал ететініне және екіжақты жаңа жобаларды іске асырудың келешегін белгілейтініне сеніміміз мол» деді қала әкімі. Кездесу соңында Шымкент, Сиань қалалары арасындағы достық және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қонақтар «Шымкент өнімдері» көрмесін тамашалап, қаланың инвестициялық мүмкіндіктері және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты.
Қытай — еліміздің стратегиялық маңызды әріптестерінің бірі. Cоңғы 5 жылда қаланың Қытай Халық Республикасымен сыртқы сауда айналымы 886 млн АҚШ долларын құрады. Шымкент қаласы — «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» автомагистралі бойында орналасқан республикалық маңызы бар, еліміздің негізгі өнеркəсіп, сауда жəне мəдени орталықтарының бірі. Бүгінде қытайлық капиталдың қатысуымен мұнай өңдеу, химия және металлургия салаларында жалпы құны 1,4 млрд АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба табысты жүзеге асырылуда.