ТҰРҒЫН ҮЙДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Елімізде тұрғын үймен қамту шаралары қарқынды жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, осы жылдың 9 айында 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты. Министрдің дерегінше, осы жылдың 9 айында өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр.

Өндіріс көлемі 3,2 пайызға өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Оның ішінде ең жоғарғы өсуді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27,3 пайызға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8 және электр жабдықтарын жасаудың 30,6 пайызға өсуі қамтамасыз етілді. «Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,3, химия өнеркәсібі – 1,5, металл бұйымдары – 4,2, сусындар өндірісі – 3,2, пластмасса бұйымдары – 6,8, жеңіл өнеркәсібі – 14,6 пайыз. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,4 пайызға жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру 8,4, газ өндіру 6,1, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 13,9 пайызға өсті. Металл кендерін өндіру 1,2, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 1,7, көмір өндіру 5,7 пайызға төмендеді» деді ол.
Әлібек Қуантыровтың айтуынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6 пайызға ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Қаңтар-қыркүйекте 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелді. Бұдан бөлек, жиын барысында «Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 9,9 пайызға төмендеді. Көрсеткіштің күрт төмендеуі ауа райының қолайсыздығына байланысты дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюынан орын алды. Барлық 7 экономикалық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды» деді министр.