ТЕҢГЕ НЕГЕ ТЕҢСЕЛДІ?
Соңғы уақытта теңге теңселіп, доллар мен евро нығая түсті. Осының салдарынан шеттен келетін тауарлардың бағасы күрт қымбаттады. Соңғы деректерге сүйенсек, қыркүйекте теңге бағамы 3,4 пайызға әлсіреген. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов айтты.
Оның мәлімдеуінше, қыркүйекте теңге бағамы 3,4 пайызға әлсіреп, 1 доллар үшін 474,99 теңгеге дейін барды. Теңгенің әлсіреуіне бірқатар сыртқы және ішкі факторлар ықпал етті. Біріншіден, АҚШ доллары жаһандық деңгейде нығайды. АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюта қоржынына қарсы қыркүйекте 2,5 пайызға күшейді. Екіншіден, бюджет қаражатын игеру және жобаларды іске асыру циклының өсуіне байланысты импорттаушылардың маусымдық сұранысы артты.
Сонымен қатар квазимемлекеттік секторда экспорттық валюталық түсімді міндетті сату нормасының тоқтатылуы да, АҚШ Федералды резерв жүйесінің қатаң монетарлық саясаты аясында базалық ставканың төмендеуі де теңгенің әлсіреуіне әсер етті. Өз сөзінде «Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Қыркүйекте 1 млрд 155 млн доллар валюта сатылды. Жыл басынан бері мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны 299 млн долларды құрады. Қыркүйекте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 200 млн долларға валюта сатып алынды. Ұлттық банк еркін бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенция жүргізген жоқ» деді Берік Шолпанқұлов.