ТІЛ САЯСАТЫН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯДАН БӨЛЕ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ
Жаһандану сынды жойқын күш көптеген тілдердің жұтылып кетуіне себепші болып отыр. Ал тіл — халықтың ділін, мәдениетін, дүниетанымын қалыптастыратын құрал. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды. Бұл тұрғыдан келгенде біз де жаһандық тенденциядан алыстап кете алмаймыз. Елімізде аталған салада мәселе аз емес. Бұл күндері қазақ тілін қолдайтын қоғам мен орыс тілін қуаттайтын топтың арасында оқтын-оқтын түйткілдер туып отыратын болған. Солардың бірқатарына тоқталайық.
Өткен 2022 жылдың өзінде қоғамды дүрліктірген бірнеше оқиға болды. Әуелі қасіретті қаңтар оқиғасын алайық. Алаңға атойлап шыққан азаматтар билікке қазақ тілінде талап қойды. Ұрандар қазақша айтылды. Осының өзі еліміздегі мемлекеттік тіл мәселесінің күрделі екенін аңғартқан тәрізді. Елдің тағдыры таразыға түскен сәтте халықтың көкейінде буырқанып жатқан ашу мен реніштің астарында мемлекеттік тілдің мәселесі де жатқандай еді. Дәл осы оқиғадан кейін Үкіметтің жаңа құрамы жасақталар тұста әлеуметтік желіде премьерлікке «қазақ тілін білетін кризис-менеджердің» қажеттігі турасындағы жазбалар қаптады. Бұл – бір. Артынша тағы бір дау бұрқ ете қалды. Нақтырағы, Астана қаласындағы №93 мектебінде ашық жиын өтті. Себеп – бір топ ата-ана құқықтарын алға тартып, орыс тілі сыныбын ашуды талап етуі. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Аманжол Әлтай, Мақпал Мыса және ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақ тіл қоғамының мүшесі Серік Ерғали, белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы сынды азаматтар қатысқан жиынның соңында қазақ әйелі жиналысты бейнежазба етіп жазып алғанын, «Путинге жіберетінін» айтып қорқытты. Бұл туралы Аятжан Ахметжанұлы арнайы жазба қалдырды. Мұны екі деңіз.
Бертін келе Рәміл Мухоряповтың сөзі қоғамда үлкен дау туғызды. Орысша сауалға қазақша жауап беруді ұлтшылдыққа балаған кәсіпкердің әрекетінен кейін қазақстандықтар кәсіпкердің «Chocolife.me», «Aviata/Chocotravel» біріккен туристік компаниясы, «Chocomart.kz» интернет-дүкені, «Chocofood.kz» тағамға тапсырыс беру және жеткізу қызметі, «iDoctor.kz» дәрігерлерді іздеу қызметі және мобильді қызметтерді қамтитын «Chocofamily Holding» қызметтерінен бас тарта бастады. Белгілі азаматтар кәсіпкерді сотқа беретінін мәлімдеді. Бұл ғана емес, мейрамханада қазақ тілінде мәзір сұраған азаматқа қызмет көрсетпеу, дүкендерде мемлекеттік тілде қызмет ала алмаған жандарды тілдеу жиі болып жатты. Қарап отырсақ, соңғы уақытта осы тақылеттес оқиғалардың саны артып барады. Себеп белгілі сияқты. Тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде мемлекеттік тіл тиісті тұғырына қона алмады. Демографиялық ахуал оңалып, қазақтардың үлесі ел халқының басым бөлігін құрағанымен, қоғамдық қатынаста, кәсіпкерлік салада, тіпті, билік аппараттарында орыс тілінің үстемдігі әлі де бар. Өйткені бұған Ата Заңымыз мүмкіндік беріп отыр. Нақтырағы, ҚР Конституциясының 7-бабының 2-тармағында былай делінген «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Осыны ту еткен кей азаматтар орыс тілін мемлекеттік тілмен шатастырып жатады. Сәйкесінше, Ата Заңымыздың дәл осы бабы қоғамда көптеген түсініспеушіліктерді тудырып отыр. Қош делік, Қазақстанда мемлекеттік тілге қатысты мәселе көтерілсе, солтүстіктегі көршіміздің бұқаралық ақпарат құралдарынан бастап, саясаткерлеріне дейін шулап шыға келетіні бесенеден белгілі. Қанша десек те, еліміздің Ресейге саяси һәм экономикалық тұрғыда шырмалып жатқанын да ұмытпауымыз тиіс. Әйткенмен алып державалармен шекаралас жатса да, тіл мәселесін түбегейлі шешкен елдер бар.
Мұны былай қойғанда, көпұлтты мемлекеттердің біразында ресми тіл – біреу. Мәселен, халқының 45 пайызға жуығы пенджабтықтар, 15 пайызы пуштундар, 14 пайызы синдхтар болып келетін Пәкістанда бір ғана ресми тіл бар. Тіл саясатының нәтижелі тәжірибесін Малайзия үлгісінен де көруге болады. 1963 жылы аталған ел тәуелсіздік алған уақытта ел халқының 60 пайызға жуығы қытайлар болды. Малайлар 30 пайызды құраса да, тілге келгенде табандап тұрып алды деуге болады. Мемлекеттік тіл мәртебесін алғаннан кейін қоғамның барлық саласында малай тілі жетекші тілге айналды. Бүгінде ғылым мен техниканың тілі ретінде де бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп келеді.
Әдетте алыс шетелмен салыстыруды құп көретініміз бар. Ал дәлелдер келтіре бастасақ, ТМД төңірегін мысал етуді сұрап жатады. Оны да саралайық. Ел тұрғындарының 23,66 пайызы орыстарды құрағанымен, Латвияда латыш тілі үстемдік құрып жатыр. Қазақстанмен қатар тәуелсіздік алған Әзербайжан, Украина, Армения, Литва, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Эстония сынды мемлекеттерде де ресми тіл ретінде бір ғана тіл бекітілген. Тіпті, біраз елдерде демографиялық ахуал оңалған сайын заңнамаға өзгеріс енгізу тәжірибесі тағы бар. Соның жарқын мысалы ретінде Балтық жағалауы елдерін алуға болады. Онда «Тіл туралы» заңды 1989, 1995 және 2014 жылы қайта қарап, үш рет заң қабылдаған. Тіпті, ала шапанды ағайынның өзі заңға бірнеше рет толықтыру енгізді. Ал біздің елімізде қазақтардың саны өсіп, салмағы артқанымен мемлекеттік тіл мәселесі шешімін табудың орнына күрделеніп келеді. Қала берді, Ата Заңдағы 7-бабтың 2-тармағы көптеген түсініспеушіліктерді тудыруда. Оның бірқатар мысалдарын жоғарыда жаздық.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл саясаты ұлттық идеологияның ажырамас бөлшегі болуы тиіс. Қазақ тілі ұлтты ұйыстырып, қоғамдағы қатынас тіліне айналғанда ғана тұғырына мықтап қонады. Ол үшін жыл сайын болмаса да бірнеше жылда бір рет ТМД мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ тілінің мәртебесін биіктететін бастамаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Өйткені демографиялық ахуал әзірге мемлекеттік тілдің ұпайын түгендеуге жарап-ақ тұр. Мұны дер кезінде қолдана алмасақ, ұтыларымыз көп. Өйткені қазақты қақ бөлетін екі тақырыптың бірі дін болса, бірі – тіл. Мұны біз ғана емес, ілік іздегіш ірі мемлекеттердің де біліп отырғаны белгілі…
Данияр ОРАЗБЕКОВ.