ІШКІ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 21 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Қазақстанның сыртқы және ішкі тауар айналымы турасындағы соңғы мәліметтермен таныстырды.
Министрдің айтуынша, 6 айдың қорытындысына сәйкес, сыртқы сауда бойынша Қазақстанның тауар айналымы 67,2 млрд доллар болды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Шикізаттық емес тауарлардың айналымы қаңтар-маусым аралығында 22 пайызға өсіп, 39,4 млрд долларды құрады.
Ведомство басшысы атап өткендей, биыл алғашқы жартыжылдықта Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы тауар айналымы 20,2 млрд АҚШ долларына жеткен. Өз сөзінде «Биыл 8 айда ішкі тауар айналымы 21 пайызға өсіп, 35,7 трлн теңге болды. Сауда саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жыл басынан бері 416 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін оны 821,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтуымыз керек» деді Арман Шаққалиев.
С.НҰРАЙ.