ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕКТЕРІ РҰҚСАТСЫЗ ТАРАЛЫП КЕТКЕН
жауапты министрліктің уәжі қандай?
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Никита Шаталов жақында әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың жеке деректерінің заңсыз таралуы мәселесін көтерді.
Нақтырағы «Осы жолы ЖСН, тұрғылықты жері, аты-жөні шетелдік Телеграм-ботында ашық түрде көрініп тұрғаны айтылып жатты. Тек телефон нөмірін енгізу керек болды. Бұл тұрғыда адамдар осы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін деп ойлап жүр. Бұл қалай мүмкін болды және министрлік жағдайды түзету үшін не істеді? Бүгін Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы айтылған мәселені шеше ме?» деді Мәжіліс депутаты.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков шынымен де кейбір Телеграм-боттарда жеке мәліметтердің таралу оқиғасы болғанын растады. Оның айтуынша, аталған жүйе ақпаратты әртүрлі көздерден, соның ішінде әлеуметтік желілерден және ұялы телефон нөмірін енгізу негізінде жинап, деректерді өзара біріктіріп отырады. Бұл мәліметтерді Қазақстанда тыйым салынған сервис жариялауы мүмкін. Бұл сервис телефон нөмірі арқылы деректерді шығарып береді. Тиісті адрестерге тоқталсақ, олар негізінен бұдан бұрын жарияланған ескі деректер. Сонымен қатар бұл ақпарат жалпыға бірдей таралған сервистерден алынуы ықтимал, яғни тағам немесе түрлі тауарлар жеткізетін қызмет көрсету нысандарынан жинақтауы мүмкін.
Осы орайда Мәлік Олжабеков Мәдениет және ақпарат министрлігіне осы қызметтерді бұғаттау туралы тиісті өтінім жолданғанын айтты. Сондай-ақ осы дереккөз иелеріне қатысты тексеру жүргізу үшін таралған ақпаратты зерттеу жалғасып жатыр.
Ж.БАЛАУСА.