ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ – ҚОҒАМДЫҚ ӨМІРДІҢ ТЕҢДІГІ

Жалпы қазақ тарихында ерлермен қатар ерлік көрсетіп, қоғамның дамуына айрықша үлес қосқан қыздар жетерлік. Тіпті, бүгінгі күні де саясат пен экономикада ауқымды істерді атқарып жатқан нәзік жандылар көп. Соңғы уақытта елімізде гендерлік саясатқа айрықша назар аударылып келеді. Мұны тарқатпас бұрын, бұл ұғымның астарына үңіліп, тарихына көз жіберіп көрейік…

«Гендер» ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеле бастаған. Оған саяси-әлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен әйелдер құқығын қорғау бағытындағы феминистік қозғалыстың өріс алуы, философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, тағы да сол секілділер әсер етті. Негізінен «гендер» дегеніміз – табиғаты бірдей заттардың немесе тіршілік иелерінің жиынтығына жататын, яғни генезис, форма немесе сипаттамалар секілді элементтерді бөлетін типке, класқа, текке қатысты сөз. Оны қолданудың аясы кең. Сондықтан гендерлік саясат дегенді жер шары мен жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, бұл – жанды-жансыз және үлкенді-кішілі не нәрсенің болмасын бірге және үйлесімділікте тіршілік кешуін, бір-бірімен тепе-теңдікте сақталуын қадағалауға тиіс мүдде болып шығады.
Қоғамның жыныстық жіктеліміне байланысты эволюциялық үдерісі қай елдің, қай мемлекеттің болмасын саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізбей қоймайды. Көп ғасырлар бойы шығыста ғана емес, батыс тарихында да, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерде де ерлер мен әйелдердің азаматтық құқықтарының жер мен көктей айырмашылығы олардың өмірінде өте қатты қарама-қайшылықтар туғызды. Әйелдер үй шаруасымен ғана шектелді. Қоғамдық тіршілік ер адамдардың иығына артылды. Ортағасырлық Еуропада әйелдерге меншік құқығы, оқу немесе қоғам өміріне араласу құқығы берілмеді. Азия елдері тұрмақ, ХІХ ғасырда Францияда көпшілік алдында әйел адамдар басын бүркеуге мәжбүр болды. Германияның кейбір аймақтарында күйеулері тіпті әйелдерін сатуға құқылы болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Еуропа мен Америка Құрама Штаттарының әйелдері бірді-екілі өңірлерінде ғана болмаса, дауыс бере де, сайлана да алмады. Әйелдерге әкесі, ағасы, күйеуі, заңды агенті немесе ұлы болсын, ер өкілінсіз бизнес жүргізуге тыйым салынды. Отбасылы әйелдер күйеулерінің рұқсатынсыз балаларының тәрбиесіне араласа алмады. Әйелдерге білімге қол жеткізуге мүмкіндік болмады. Әлемнің кейбір бөліктерінде нәзік жыныстылар үшін мұндай шектеулер қазірдің өзінде сақталып келе жатқанымен, өркениеті дамыған елдерде гендерлік тепе-теңдікті сақтау үрдісі бүгінгі таңда өз арнасын тапты деуге толықтай негіз бар.
Біздің елімізде де гендерлік саясатқа бүгінде айрықша мән беріліп жатыр. Сәйкесінше, қоғамның дамуында мұның алар орны айрықша. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп келе жатыр. Мәселен, әлеуметтік мәселелердің денін нәзік жандылар жіті түсінеді. Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте де нәзік жандылардың тигізіп жатқан пайдасы орасан. Сондықтан бұл саланы дамыту – заман талабы.

Д.К.Калтаева,
Аудандық және оларға теңестірілген сот Әкімшісінің сот отырысының бас маманы – хатшысы.