СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді.

Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Бұл кесел дамушы елдердегідей, біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отырғандығы сөзсіз. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген «…жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы».
БҰҰ-ның құжаттарында қолданылатын жемқорлық терминінің халықаралық-саяси анықтамасы мынадай деп берілген «сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік билікті жеке бас пайдасы үшін, үшінші бір тұлғалар мен топтардың мақсаты үшін асыра пайдалану».
Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі — пара алу не беру. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі — сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар бірауыздан жүргізулері тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтан, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлық емдеп алатындай науқас емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі – негізінен халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу үшін бірауыздан атсалысуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық не керек, денсаулығың болмаса, төрелігің не керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөзді жадымызда ұстағанымыз жөн.

Мейрамкүл ШЕРІ,
Шымкент қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің жетекші маманы.