ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАЙТЫНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА КӨРУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Келес ауданындағы ауыл және ауылдық округтерінде абаттандыру, үй қасбеттерін ретке келтіру және санитарлық-тазалық жұмыстары атқарылуда. Округтердің орталық көшелері бойындағы үй қасбеттерін ретке келтіру, абаттандыру, әктеу сырлау және шөптерді шабу жұмыстары ауыл және ауылдық округ әкімдері тарапынан ұйымдастырылып, Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер әр апта сайын ұсынылуда.
Нәтижесінде бей-берекет тасталған қоқыстар арнайы орындарға жеткізіліп, сантиарлық-тазалық жөнінде кәсіпкерлік нысан иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар орын алып отырған кемшіліктер де жоқ емес. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында айтылды. Өз сөзінде «Көше қасбеттері мен қоқыстарды тазалау бойынша нақты жұмыстар атқарылғанымен нәтиже көңіл көншітерлік емес. Бұл бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан зерделеу жүргізу барысында анықталған. Ендігі кезекте жоспарлы жұмыстарға кесте жасақталып, орындау мерзімі қойылады. Сол бойынша атқарылатын жұмыс талқыланатын болады. Ауыл тазалығы жөнінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қоршаған ортаны ластайтындарға қатаң шара көрілуі керек» деді аудан басшысы.
Жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша Келес ауданынан Қошқарата, Ошақты, қосымша Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтері жобаға қатысуда. Бағдарлама аясында 4 өндірістік кооперативі құрылып, 502 азамат 4 округтан қызығушылық танытты. Бүгінге дейін 218 жоба облыстық «Ырыс» МКҰ» ЖШС-не Келес ауданынан ұсынылды. Оның 136 жобасы мақұлданды» деді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев. Аудан басшысы ауыл халқының әл ауқатын көтеруге осы жобаның тиімді тұстары көп екенін, бұл бағытта жұмыстарды жүйелеуге нақты тапсырмалар жүктеді.