«ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕК-ӨТІНІШТЕРІН ТЫҢДАУҒА ӘРҚАШАН ДА ДАЙЫНМЫН»

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткіздім. Кездесу барысында қала тұрғындары бірқатар мәселелермен жүгінді.

Қазақ «үйің болмай, күйің болмас» дегенді бекер айтпаса керек. Қабылдауға жазылған үш зейнеткер жалғызбасты аналарымыздың басты мәселесі де осы болды. Жасы сексеннің сеңгіріне келген Рыскүл есімді анамыз 2016 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Барлық құжаттары заң тұрғысынан реттелген. Алайда тұрғын үй кезегі әлі келмей, анамызды әбден әбігерге салып отыр екен. Осы орайда, аталған мәселені құзырлы органдарға жеткізетінімді, тұрғын үй мәселесі бойынша заң аясында түсінік беріп, жеке бақылауыма алатынымды айттым.
Қабылдауға келген көпбалалы ана, ұстаз Салтанат Оразәліқызымен жұмыс мәселесіне қатысты тілдестім. Дана халқымыз «Ұстаз болу – адамның асылдығы» дейді. Президентіміздің өзі мұғалім мәртебесін анықтап беріп отырған уақытта ұстаздарымыздың мәртебесі биік болумен қатар, құқығы тапталмауы керек. Осы орайда, қабылдау барысында Салтанат Оразәліқызының жұмыс мәселесі бойынша мектеп директорымен сөйлестім. Түйткіл оң шешімін тапты. Сонымен қатар Қарлығаш Берденова есімді тұрғын ұлының «Ақпараттық технологиялар» мамандығында оқитынын және оқуға қажет ноутбук алып беруге әлеуметтік жағдайы жетпейтінін айтты.
Өз тарапымнан және «AMANAT» партиясы атынан білім жолындағы жас маманға ноутбук сыйлауды жөн көріп, қолына табыстадым. Сөз соңында тұрғындардың тілек-өтініштерін тыңдауға әрқашан да ашық екенімді айрықша айтқым келеді.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.