ИІ ҚАНБАҒАН ИДЕОЛОГИЯ

немесе Қуаныш Асылов ескі сүрлеуден қашан шығады?

Идеология – ауқымды сала. Ел ішіндегі бірлікті бекемдеп, ынтымақ дарытуда да аталған саланың маңызы айрықша, міндеті зор. Бұл бағыттың елімізде ақсап жатқанын қасіретті қаңтар оқиғасы көрсеткен болатын. Міне, сол уақытта қоғамды іштен іріткісі келетін бірқатар күштер бой көрсетті. Нәтиже баршамызға аян. Сыпсың сөз, жалған ұранға ерген ел жастары қоғамдық игіліктерді бұзып, кәсіпкерлік салаға ауқымды зиянын тигізді. Бірқатар нысандар жарамсыз күйге енді. Оның бәрін қалпына келтіру үшін қазынадан қаншама қаржы кетті. Бас-аяғы бірнеше күнде еліміздің болашағы күмәнді, бүгіні берекесіз болып шыға келді.

Себеп айқын. Ұлтты ұйыстыруы тиіс идеология саласы қараусыз қалған еді. Осының салдарынан қоғамды жік-жікке бөлетін жат пиғылды ұстанымдар мен насихаттар күшейіп шыға келген. Бейбіт күнде бой көрсетпейтін мұндай күштер елдің берекесін іштен сетінетіп, тұрақтылығына қауіп төндіреді. Қаңтар оқиғасынан кейін мұндай арам пиғылды адамдардың айға ұшып кетпегені анық. Сондықтан идеология саласына айрықша мән беріп, ұлттық идеологияға негізделген аймақтық идеология құрудың маңызы артты. Жасыратыны жоқ, елімізде бұған дейін аталған саланы дамытатын бірқатар бағдарламалар болды. Өкініштісі сол, жұмыстың бәрі қағаз бетінде жүзеге асты. Әдемі есептер мен баяндамаларда ғана көтерілді. Нәтижесінде қоғам білмейтін шенеуніктер халық алдына шыққанда таяқталып жатты. Лауазымды тұлғалар қалың жұртшылықты сөзіне иландыра алмады. Мұны көз көрді. Қоғам айтты. Дегенмен бүгінгі тақырыпта көтергіміз келіп отырған мәселе бұл емес.
Қалың оқырманның жадында болса, биылдың қаңтарында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып Қуаныш Асылов тағайындалған болатын. Бұл кадрдың еңбек жолы кімді де болсын тамсандырады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Вашингтон Дюк университеті Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінде оқыған. Бизнес саласында басшылық қызметтер атқарған. Мемлекеттік органдарда жұмыс істеп, тәжірибесін толықтырған. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасында ресми іс-шаралары және сыртқы байланыстар секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығының директоры, Білім және ғылым министрлігінің жастар істері жөніндегі комитетінің төрағасы, Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық-саяси жұмыстар және тілдер саясаты комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі қоғамдық-саясат секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі аналитика орталығы меңгерушісінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып еңбек еткен. Бір сөзбен айтқанда, батыс көрген білікті кадрлардың бірі болғандықтан, қаламыздағы идеология саласының алға жылжитынына қуанғанымыз рас. Бірақ…
Қалаға келгеніне 8 айға жуықтаған кадрдың идеология саласында ауқымды бастамаларды қолға алғанын көргеніміз жоқ. Оны былай қойғанда, өзі кураторлық ететін салалардағы жұмысты сабақтастыра алмай келеді.
1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялаған болатын. Елдің даму бағдарын айқындайтын бастамаларды талқылау мен қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстарында қала әкімінің бірінші орынбасары төбе көрсетпейді. Асылында күн сайын кездесу өткізіп, тікелей эфирге шығып жатуы тиіс емес пе еді?! Бұл – тікелей идеологияға қатысты сала болғандықтан, күткеніміз көп. Әйтсе де дәл осы салаға тікелей жауапты кадр жақ ашпайтын тәрізді. Мемлекет басшысы көтерген мәселелер мен оның шешу бағыттары қала әкімінің бірінші орынбасарының көңілінен шықпады ма әлде Жолдау жүктеген міндеттерді кеңінен тарқатуға құлшынысы жоқ па тағы белгісіз…
Жалпы, қасіретті қаңтарда жалаң ұран мен жат идеологияның қақпанына түскендердің дені – жастар. Осыдан кейін бұл саладағы мәселелер шешімін табуы тиіс болатын. Біздің көріп отырғанымыз не? Заман дамып, техника мен технология кең қолданысқа енген уақытта жастар халықты ақпараттандыру үшін үнпарақтар таратып жүр. Бұл әдіс тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған уақытта нәтижесін берген де болар. Бірақ қазір мұны оқитын қыз, саралайтын ұл бар дегенге сену қиын. Бүгінде әлеуметтік желіде бетін тұмшалаған қыздарды мыңдаған жастар көреді. Олар әлдебір насихат жұмыстарын жүргізіп жатады. Ал біздегі жастардың бастамасымен таратылған қағаздар бұл идеологияға қарсы тұра ала ма? Әрине, жоқ. Бұрындары жүздеген адам істейтін істі бүгін бір ғана робот тындырады. Сәйкесінше, заманның озық технологияларына сүйенбесек, ұтылғанымыз ұтылған. Ал енді батыстың ілімін де, білімін де бойына сіңірген Қуаныш Жұмабекұлы мұны білмей ме? Бұған күмәніміз көп. Бәлкім талай лауазымды атқарып, күші мен қуаты, энергиясы мен потенциалы сарқылды ма екен? Олай болса, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап не көрінді?
Жуырда қаламызда «IQ ZHASTAR» қалалық интеллектуалдық сайысы өткен болатын. Мұнда да қала әкімінің бірінші орынбасары бой көрсетпеді. Мұны тектен-текке жазып отырғанымыз жоқ. Дәл осы форматтағы сайыс Түркістан қаласында өткенде облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жастарға сәттілік тілеген болатын. Осының өзі облыс пен қалада жастарға қаншалықты көңіл бөлінетінін айғақтайды. Әйтеновке айтар дауымыз жоқ. Әйткенмен дәл осы салаға кураторлық етіп отырған Қуаныш Жұмабекұлы келсе, жастарға демеу, ұйымдастырушыларға қолдау болары айқын еді. Өкінішке қарай, мемлекет басшысы қолдап отырған интеллектуалды ұлт идеясы бұл жолы да назардан тыс қалып қойды. Тағы да салыстыруға тура келеді. Бұған дейін өткен сайысқа сол кездегі қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның өзі қатысып, бәсекені қыздырып еді. Ақиқатты ашып айту керек-ақ. Мұқанды қанша сынағанымызбен, қала жастары танитын, білетін. Ал қазіргі кураторды білмек түгілі, танитындардың өзі санаулы секілді.
Қош делік, осындай көңілге кірбің ұялатар істерді саралай отырып, «Қуаныш Жұмабекұлы қала халқын сөзіне иландырып, ашуы келген ағайынға тоқтау айта ала ма?» деген заңды сауалмен бетпе-бет келеміз. Жауап әр оқырманның көкейінде сайрап тұр. Ал енді өзінің беделін қалыптастыруға ұмтылмаған кадр өңірдің идеологиясын қалай жүзеге асырады? Қолынан келе ме? Бір ғана жастар саясатының өзі салмақты кадр саналатын әкімнің бірінші орынбасарының қарым-қабілеті қаншалықты екенін көрсетті емес пе? Мұндай кадр Шымкентке керек пе? Сұрақ көп. Біз көтерген мәселені дер кезінде қолға алмасақ, жастарды жат идеологияның қолжаулығы етеріміз анық. Ондаған адамның өмірін жалмаған қаралы қаңтардан қашан сабақ аламыз, Қуаныш Жұмабекұлы?!.

P.S.

Өзі кураторлық ететін салаларды сабақтастырып, жүйелі жұмыс, ұтымды бастама көтере алмаса, идеология саласындағы әр мекеме өз бетінше іскі кіріседі. «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, бұдан қоғамның ұтылары көп. Сондықтан миллионнан аса халқы бар қалаға білікті кадр қажет-ақ. Ал біз жазып отырған Қуаныш Асылов әзірге бұл міндетті атқара алмай отыр. Шындық – осы.

Қ. ДӘУЛЕТӘЛІ.