1 ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАП ШӘКІРТАҚЫ ӨСЕДІ
оның мөлшері қандай?
1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады. Тиісті тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген болатын.
Атап айтқанда, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15%-ға, техникалық және кәсіптік білім студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға арттырылды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.
Қаулыда белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей. Докторанттарға – 217 500 теңге, даярлаудың «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге, магистранттарға – 97 024 теңге, интерндерге – 75 890 теңге, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге, даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге. Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен қолданысқа енеді.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өседі.
Ж.БАЛАУСА.