7 МИЛЛИОН ТҰРҒЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ ҚАУПІ ЖОҒАРЫ АЙМАҚТА ТҰРАДЫ

ал, елімізде сейсмологиялық қауіптің алдын алуға арналған құрылғылар
тым ескі

Қазақстанда парадокс жағдайлар тым көбейіп кеткендей. Айталық, еліміз ен байлыққа толы. Кең байтақ жерімізде Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі бар екені белгілі. Мұны кеуде кере айтып жүргеніміз қашан. Бірақ оны өңдейтін маман жоқ. Мұнай көп, одан шығатын өнім үнемі тапшы. Әлем бойынша территориясының көлемі жағынан 9 орындамыз деп бөркімізді аспанға атамыз. Бірақ 1,5 миллион адамның жылдар бойы жер кезегін күтіп жүргенін ұмытып кетеміз. Режиссер Ермек Тұрсынов өзінің кезекті бір жазбасында «… Сөйлейтіндер көп, тыңдаушы аз. Қарттар көп, ақсақал жоқ. Дәрігерлер көп, емдейтін маман жоқ. Ұстаз көп, ұлағаттысы аз…» деп ой толғайды. Осы сынды мысал мың. Тарқатып айтсақ.

Осы аптада өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 76%-ға жуықтағанын айтты. Мәселені реттеу үшін өндіріс қарқынын арттыру туралы тапсырма берді. Ол қол астындағыларға тапсырманы тиянақты орындау үшін қажетті құралдар мен мүмкіндіктердің бәрі бар екенін жеткізді.
Тәуелсіздік туын тіккенімізге 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде сол мүмкіндікті неге әлі күнге дейін оңтайлы пайдалана алмай жүрміз? Тәуелсіз болған жылдар ішінде талай рет «Қазақстан – аграрлы мемлекет» деп түрлі айқын мақсаттар, межелі міндеттер қойған едік. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту мәселесі де күн тәртібіне енгізілгені анық. Бірақ қырдағы техникалардың әлі күнге дейін есті алатын ескі дүние екенін Үкімет басшысының өзі айтып отыр.
Одан өзге Премьер-Министр былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарғанын, бірақ ол жеткіліксіз екенін айтады. Сонымен қатар ол, елімізде машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленіп жатқанын хабарлады. Кешенді жоспарды іске асыру есебінен машина жасау өндірісін екі есе арттыруға, экспорт көлемін жобамен үш есе, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 1,5 есе, еңбек өнімділігін 2 есе көбейтуге қол жеткізеді екенбіз. Кешенді жоспардың дәл бұлай іске асуына қазақстандықтар сенеді ме? Құлай сенетіндер тым аз болуы ғажап емес. Себебі елімізде кешенді жоспар өте көп, орындалып жатқаны аз. Мұны бір деңіз.
Ал енді мына мәселеге не деуге болады? Таяуда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомства Қазақстандағы жер сілкінісі қаупі жоғары өңірлерде атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Абай, Жетісу облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында 7 миллионнан астам адам тұратынын атап өтті. Бұл аймақтарда елдің өнеркәсіптік әлеуетінің 50 пайызы орналастырылған. Жиыны 400-ден аса қалалар мен елді мекендер бар. Жалпы айтқанда ел аумағының шамамен 40 пайызы сейсмикалық аймақ болып саналады.
Осы деректерді алға тартқан ведомства елде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрқашан басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтеді.
Бірақ, бұл жәй сөз ғана. Себебі елімізде сейсмологиялық қауіптің алдын алуға арналған құрылғылар тым ескі. Қосалқы бөлшек табу мұң. Мұны сырт көз емес, сала мамандарының өздері айтып, дабыл қағып отыр.
Бұл жағдайдан Үкімет енді хабардар болды ма әлде әлемнің әр нүктесінде болып жатқан зілзаланы алдын алумен оның салдарын жоюда сергек болу керек екенін түсінді ме белгісіз, әйтеуір едел-жедел түрде сейсмология саласын дамыту үшін алдағы 5 жылға 72 миллиард теңге жұмсауды жөн көріп отыр.
Еліміздің жер сілкінісі қаупі бар өңірлер бар екені кеше мәлім болған жоқ. Бірақ тозығы жеткен құрылғымен «қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты бағыттарымыз» деп жұрт көкейіне сенім ұялату парадокс емей не?
Осыған ұқсас жағдай тау-кен өнеркәсібінде неше жылдан бері күн тәртібінде тұр. Тау-кен өнеркәсібі еліміздің бюджетін ұлғайтып отырған негізгі саланың бірі. Алайда бұл салада қордаланған мәселе көп. Соның бірі ескі техника. Тау-кен байыту мен металлургиялық комбинаттар Кеңес заманында салынғандықтан, қазіргі заман талаптарына сай емес. Саладағы кәсіпорындардың жартысынан көбі толық автоматтандырылмаған. Елде қатты қазба байлықтың түр-түрі бар, бірақ соны іздес¬тіру, барлау жұмыстары артта қалған.
Жаратушы Қазақстанның жер қойнауын қазынаға толтырған дейміз. Бірақ соны жылдар бойы тиімді пайдалана алмай әлі жүрміз.
Ауыл шаруашылығы саласы, тау-кен өндірісінен бөлек біздің елде орман шаруашалықтарында техника мәселесі түйіткілді. Оның зардабын былтыр, биыл болған орман өрті кезінде анық көрдік.
Үкіметтегілер техниканың тілін білуге баулитын мамандықтарды меңгеруге жастар талпына бермейді деп дабыл қағып келе жатқаны қашан… Ал сол Үкімет стратегиялық маңызы зор салаларда ақсап тұрған басты проблема – тозған техниканы жаңасына ауыстыруды қашанғы кейінге ысыра береді?

C.ИБРАГИМОВА.