ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІ БАЯУ ЖЫЛЖУДА

Елімізде «өз үйім – өлең төсегім» деп арқасын кеңге сала алмай жүрген азаматтар көп. Республика бойынша 646 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрғаны соған мысал. Кезекте тұрған көп халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші көңілдегідей емес. Кезектің жылжуы тым баяу. Неге?

Себебі, кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін 900 миллион шаршы метр тұрғын үй қажет. Ағымдағы жылдың бес айында 5,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп. Бірақ оның 90 пайызын жекеменшік компаниялар салған.
Сала мамандары тұрғын үй құрылысының қарқыны тым төмен екенін алға тартады. Мысалы, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков қазіргі таңда пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлер 2021 жылдың соңы мен өткен жылда басталған жобалар екенін айтты. Оның сөзінше биыл тұрғын үй құрылысын салу сол жылдардағыдай қарқынды емес. Ел бойынша айына 7-8 тұрғын үйдің құрылысы басталады екен. «Дәл осы қарқынмен кете берсе, тұрғын үй тапшы болып, нарықтағы бағасы шарықтай түседі»,-дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті.
Тұрғын үй тапшылығын болдырмас үшін қандай амал-тәсілдер жасау қажет. Экономист Мақсат Халық отандық теларнаға берген сұхбатында байлық салығын енгізу тұрғын үй мәселесіне қатысты көп мәселені шешіп береді деп пікір білдіреді.
Оның сөзінше бір басында бірнеше үйі бар азаматтарға үшінші пәтерінен бастап мемлекетке салық төлеуі міндеттелсе, олардың көбі қыруар көлемде салық төлегенше сатып тынайын деп шешеді екен. Маман бұлл баспанасы жоқ адамдардың тезірек баспаналы болуына таптырмас тетік деп сенеді.
Былтыр Қазақстанның тұрғын үй қоры 405 млн шаршы метрден асқан. Оның 264 миллионы қалада, қалғаны ауылда орналасқан. Мамандар әлемдік стандартқа жету үшін елімізде кемінде 900 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі керек деп есептейді. Бұл межеге ету үшін бізде құрылыс қарқынын төмендетуге болмайды.

Ж.БАЛАУСА.