ТАРИХИ ШЕШІМ ТАҒЫЛЫМЫ
үшінші мегаполис артылған сенімді ақтай алды ма?
Бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп барады. Күні кеше қуарып, қу дала болып жатқан жерде бүгінде сән-салтанаты бөлек сәулетті қала бой көтерген. Өткен ғасырдың соңында өнеркәсібі өркендеп, өнімдері әлемге тараған шаһарлардың кейбірі бүгінде қарт тарихтың қойнауына сағым іспетті сіңіп, тіршілігін тоқтатты. Айта берсек, мысал көп. Ал астарына үңілсек, мұның бәрі қабылданған тарихи шешімге байланысты екенін айқын ұғамыз. Әдетте әлдебір бастаманы жүзеге асырарда жұрт жапа-тармағай қолдап я болмаса қаралап жататыны – қалыпты құбылыс. Дегенмен оның маңызын уақыт көрсетеді. Бүгінгі материалымызда міне сондай тарихи шешімнің бірін талдап көруге тырыстық. Тарқатайық…
Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Сырдың аралығында еркін көшкен қазақтың кең байтақ жерінде тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін қасиетті өңірлер жетерлік. Әйткенмен оның ішінде шаруасы шалқыған, қазақылықтың қаймағы қалқыған, өнеркәсібі өркендеп, өткені том-том кітапқа жүк болатын Шымкенттің жөні бөлек. Қазақтың көшін көрікті еткен көрнекті тұлғалар топырағынан түлеп ұшқан өңірдің маңызы қашан да айрықша. Міне, дәл осы қаншама киелі жерді бауырына басқан шаһар 2018 жылдың 19 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысынан іргесін бөлектеп, республикалық маңызы бар қала статусын иеленді. Арада 5 жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде миллион халқы бар еліміздің үшінші мегаполисінің тұрмысы түзеліп, тіршілігі жандана түскен. Мұны қаланың көрсеткіштері дәледеп отыр.
Республикалық маңызы бар қала статусы Шымкентке не берді? Әуелі осыған тоқталайық. Қаланың облыстан іргесін бөлектеуі экономикалық тұрғыдан тиімді. Өйткені инвесторларға жайлы орта қалыптастыру, қала аумағындағы инженерлік-инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беру, ауқымды өндіріс орындарын ашу сынды бастамаларды қаланың өзі шеше алады. Бұрындары облыстық әкімдікке иек артатын. Сәйкесінше, қала бюджеті де көп бола қойған жоқ. Үлкен бастамаларды жүзеге асыруға қала бюджетінің мүмкіндігі болмағандықтан, республикадағы аумағы жөнінен бірінші орын алатын қалада өзекті мәселелер көп еді. Атап айтсақ, ауыз су мен электр жарығына жарымаған жұрт жиі сын айтатын. Көгілдір отын түйткілінің де түйіні тарқамаған. Қаладан шалғайда жатқан елді мекендердің ішкі көшелері қыста лай, көктемде батпақ болып, бұқараның еркін қозғалуына қиындық туғызды. Кәріз жүйесін сөз етіп отырудың өзі артық. Мұның бәрін бір немесе бірнеше жылда шешіп тастау қала тұрмақ облыстың бюджетіне де ауқымды салмақ салады. Шымкенттің республикалық қала мәртебесін алуы аталған түйткілдердің шешімінің табылуына сеп болды. Өткен жылы қала бюджетінің көлемі 573,7 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есеге артты. Мұның игілігін көптің көріп келе жатқаны белгілі. Мәселен, жоғарыда атап өткен инженерлік инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып жатыр. Егер 2018 жылы сапалы ауыз су, электр жарығы және көгілдір отынмен қамту көрсеткіші төмен болса, араға 4 жыл салып көрсеткіш айтарлықтай өсті. Өйткені қалада Бозарық қосалқы станциясы мен АГРС іске қосылды. Осының арқасында электр қуаты мен көгілдір отынға деген тапшылық кемінде 5-6 жылға шешілді. Былтыр қала тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі 93 пайыздан 98 пайызға, электр қуатымен қамту 91,2 пайыздан 97 пайызға, табиғи газбен қамту көрсеткіші 92 пайыздан 93 пайызға ұлғайды. Биыл ауыз су мәселесі, 2025 жылы электр қуаты мен табиғи газ түйткілі толықтай шешімін табады. Сонымен қатар былтыр 287 шақырым жол жөнделді. Осының арқасында жақсы және қанағаттанарлық жолдардың көрсеткіші 67,4 пайызды құрады. Биыл аталған көрсеткішті 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Демек тағы да 250 шақырымнан аса жол жөнделеді. Соңғы 5 жылда жөнделген жолдардың жалпы көрсеткіші Шымкентті облыс орталығы болып тұрған соңғы 8 жылындағы нәтижемен тең. Аңғарғанымыздай, қала бюджетінің өсуі шаһар аумағындағы ондаған жыл бойы қордалданып келе жатқан түйткілдердің түйінін ағытуға мүмкіндік берді. Мұны бір деңіз…
Қаланың дамуы мен өркендеуі оның экономикасына тікелей тәуелді. Бұл бағыт бойынша да үшінші мегаполистің мүмкіндігі кең. Оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты жалғастыратын үлкен жолдың түйіскен тұсында орналасқан шаһар экономикасының өсім динамикасы 2021 жылдан бастап алғашқы орында. 2018-2022 жылдар аралығында Шымкенттегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 192 млрд теңгеден 785 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің 80 пайызы дәл осы қалада шоғырланған. Миллион халқы бар қала болғандықтан, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы да жеделдей түсті. Былтырғы қорытынды деректерге сүйенсек, шаһар аумағындағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір жылда 39 пайызға көбейіп, 101 мыңнан асып жығылған. Қала халқының оннан бірін құрайтын дәл осы кәсіпкерлер 1 трлн теңгенің өнімін өндіріп отыр. Көрсеткіштің күн санап өсіп келе жатқанын ескерсек, алдағы бірнеше жылда өзгерістің ауқымды боларын болжауға болады. Бұдан бөлек, өткен жылы қалаға 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал биылдың алғашқы төрт айында қалаға 85 млрд теңгеге жуық қаржы құйылған. Мұның баршасы кәсіпкерлерге жасалып отырған тиімді бағдарламалардың арқасында екенін ұмытпағанымыз абзал. Өйткені қала облыстан бөлінгелі бері кәсіпкерлік саланы цифрландыру ісі қарқын алды. Шетелден инвесторларды тарту мақсатында бірнеше индустриалды аймақтар құрылды. Халықаралық деңгейде түрлі келіссөздер өткізілуде. Жоғарыда атап өткен, республикалық маңызы бар қала статусы, біріншіден, кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламаларға бөлінер қаражаттың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Мұның нәтижесін жоғарыда жазып өттік. Кәсіппен айналысуға ниетті жандардың қатары қалыңдап келе жатыр. Екіншіден, қаланың өзіне тән ерекшелеліктерін ескере отырып, инвесторларға қолайлы жағдай жасау мүмкіндігі пайда болды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының ауыл шаруашылығына маманданғаны белгілі. Сәйкесінше, жылдар бойы облыстық әкімдік аграрлық саланы алға жылжытуға көңіл аударды. Осы тұста Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерлік тұншығып жатты. Дегенмен 2018 жылдан бастап жағдай күрт өзгерді. Аталған сала қала экономикасының драйверіне айналды деуге де әбден болады.
Шымкентке республикалық маңызы бар қала статусы берілген уақыттан бері дамуы жеделген саланың бірі – туризм. Жасыратыны жоқ, бұрындары қала аумағындағы тарихи ескерткіштер Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб кесенелерінің көлеңкесінде қалып келді. Дегенмен соңғы бірнеше жыл ішінде қалалық әкімдік туристерді тарту үшін тарихи ескерткіштердің айналасын абаттандыру мен көркейту жұмыстарына басымдық берді. Нәтижесінде қала аумағында жатқан Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабіріне барушылардың саны артты. Цитадельді тамашалап, Бәйдібек би ескерткішінде естелікке суретке түсетін қонақтар көбейді. Қалада жыл сайын халықаралық фестивальдер ұйымдастырылуда. Бірнеше қалаға тікелей әуе рейстері ашылды. Грузия, БАӘ сынды елдерде өтетін халықаралық шараларда үшінші мегаполистің туризм әлеуеті таныстырылды. Осының арқасында тарихы мыңжылдықтарға созылатын Шымкентке келушілердің қатары қалыңдаған. Мәселен, 2021 жылы қалаға 240 мыңға жуық қонақ келсе, өткен жылы олардың саны 310 мыңнан асып жығылды. Яғни қаланың облыстан бөлінуі тарихи ескерткіштер мен қаланың туризмін дамытуға үлкен септігін тигізді.
Шымкенттің облыстан бөлініп, жеке қала ретінде дамудың даңғыл жолына түсуі – әкімшілік-аумақтық құрылымның одан әрі жетіле түсуіне түрткі болды. Бастапқыда елімізге белгілі сарапшылар мұндай шешімнің болашағы турасында сан түрлі болжам айтқан болатын. Әйткенмен араға төрт жыл салып, шырайлы шаһар бұл тарихи шешімнің дұрыс әрі дер кезінде шығарылғанын дәлелдеп берді. Енді міне Шымкент салған соқпақпен Ұлытау, Жетісу және Абай облыстары да жүріп келеді…
Құдретіллә МОМЫНХАН.