СОЗАҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН ЖҰМЫС КӨП
Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 млрд 671 млн 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 млн теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков айтты.
Спикердің сөзінше, өткен жылы ауданда 14 275 га жерге егіс егілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 га, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 га, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 га, барлығы 62 га аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған. «2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд 867 млн 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биылғы I тоқсанда 46,6 млн теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ 11 920 га жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынды» деді Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Оның ішінде агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» шаруа қожалығы мен «Дәмен» шаруа қожалығының жаңбырлатып суару, «Қуаныш» шаруа қожалығының органикалық тыңайтқыш — биогумус өндіру, «Б.Исаев» ЖК-ның шағын сүт фермасын салу жобалары биыл аяқталады деп жоспарланған.
С.НҰРАЙ.