ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА БАРЫНША ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА
Бүгінгі өскелең ұрпақ – елдің болашағы. Сондықтан әрбір баланың бақытты ортада өсуі үшін қыруар іс атқарылып жатыр. Осы тұста айта кетерлігі, ерекше балалар да – қоғамның ажырамас бөлшегі. Бүгінде олардың жан-жақты дамуы үшін жағдайлар жасалуда. Мәселен, Шымкентте осы бағытта бірқатар қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Солардың бірі – «Ерекше жол». Оны шымкенттік Роза Беркешева басқарады.
Өткен аптада аталған қор өзінің 5 жылдық мерекелік іс-шарасын «Достық үйінде» атап өтті. Шараны ұйымдастыруға «Ерекше жол» қоғамдық қорынан басқа Шымкент қаласының Азаматтық Альянсы мен «ARMAN ALANI» Қазақстандық коалициясы» ЗТҰ ұйытқы болды. Мерекелік шараға Шымкент қаласының әкімдігі мен мәслихаты, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау басқармалары, Шымкент қаласының үкіметтік емес ұйымдары, сонымен қатар қордың меценаттары мен қайырымды жандар қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында Шымкент қаласының үздік шығармашылық ұйымдары мен әншілері өнер көрсетті. Қордың тарихы, фотокөрме, қор мүшелерінің қолөнер көрмесі де жиналған жұртшылықты қызықтырды.
Айта кету керек, қоғамдық қор ерекше балаларды инклюзиялау, әлеуметтендіру мәселесін ең жоғары деңгейде шешуде қарқынды қызмет етіп келеді. Нақтырақ айтқанда, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін олардың өзін-өзі жетілдіруі және білім берудің барлық деңгейлерінде оқуын жалғастыруы үшін де психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі құрылып, арнайы жағдайлар регламенттелді. Оқушының даму ерекшеліктеріне байланысты оқу бағдарламаларының өзгергіштігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар әзірленді. Осы бағытпен жұмыс істеп келе жатқан қордың әлі де атқарар жұмыстары көп.