БАСТАМА АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕННІҢ ДАМУЫНА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ
Индустриялық аймақтар кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін беріп отыр. Сәйкесінше, қалаларға қаржы құйған кәсіпкерлердің үлкен жеңілдікке ие болуы өзге инвесторлардың көптеп қызығушылығын тудыруда. Сондықтан да болар, мемлекет басшысы индустриялық аймақтың берер мүмкіндіктерін одан әрі арттыру тапсырмасын жүктеді. Бұл, өз кезегінде, қоғамның сан түрлі саласының дамуына тың серпін бермек. Мәселен, Шымкентте құрылып жатқан «Бозарық» индустриалық аймағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ықпал етеді.
Биыл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылып жатқан индустриялық аймақтың инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін салуды аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда онда орналастырылатын құны 18 млрд теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба әзірленді. Олардың бірі құны 1,1 млрд теңгені құрайтын консервіленген және өзге де өнімдерді, жартылай фабрикаттарды өндіру және орау үшін көкөністерді, ет өнімдерін, жемістер мен жидектерді өңдеу зауытын айтуға болады. Сонымен қатар құны 1,5 млрд теңге тұратын консервіленген ет өндірісі жұмыс істеп тұр. Мұнан өзге косметикалық май және жеміс-жидек тағамдарын өндіретін зауыт, кондитерлік өнімдер өндіру, түрік шұжықтарын өндіру, нан үгіндісін өндіру, сүт өнімдерінің өндірісі, құрама жем өндіру жобасы бар. Сондай-ақ онда сұйық май мен макарон өндіріліп, ет қайта өңделеді.
Ал өндірісті «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы аумағына орналастыру кезінде инвесторға жалдау шартымен инфрақұрылымы жүргізілген дайын жер телімі беріледі. Индустриялық аймақтың қатысу үшін «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның Шымкент қаласындағы филиалы индустриялық аймақтардың басқарушы компаниясынан қажетті құжаттардың тізбесін тапсырып, өтінім жазу керек. Басқарушы компания қажетті құжаттар тізбесін 3 жұмыс күні ішінде қарайды. Сонымен бірге компания қажетті құжаттардың тізбесін Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына 1 жұмыс күні ішінде жібереді. Сондай-ақ қала әкімінің төрағалығымен инвестициялық штаб тұрақты қызмет атқарады. Онда инвестициялық жобалар мен проблемалық мәселелер қарастырылып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.