ЕҢБЕКШІДЕ 3 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімді жүзеге асып жатқанына айрықша тоқталған болатын. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына аталған бастаманың ауқымын кеңейтіп, жұмысты жандандыру тапсырмасын да жүктеген еді. Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде халық пен биліктің арасын жақындататын тың бастама бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, 1 маусым — балаларды қорғау күніне орай, Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданында заманауи үлгідегі 3 балалар ойын алаңшасы балалардың пайдалануына берілді. Ойын алаңшаларының ашылу салтанаты мерекелік шараға ұласып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Балаларға демеушілер тарапынан сыйлыққа ойыншықтар үлестіріліп, тәтті балмұздақ тарту етілді. Биылғы жылы Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің 35 үй ауласы абаттандырылып, 25 ойын алаңшасы орнатылады. Сонымен қатар алдағы күндері жеке секторлы үйлерде 11 кешенді спорт және ойын алаңшалары тұрғындардың игілігіне тапсырылады.
Жалпы Шымкентте аталған жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Яғни тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына да өз үлестерін қосып жатыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасымен 2021 жылдан бері аудан әкімдіктерінде халықтың қатысуымен жаңадан балалар ойын, спорт алаңшалары, демалыс аймақтары ашылды. 2022 жылдың өзінде қала аумағында 158 жобаға 3 901,8 млн теңге қаралған. Бұл өз кезегінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық функционалдық тобы қаржысының 7,3 пайызын құрайды.