ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ БОЙЫНША КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген жиында жаңа геоэкономикалық ахуал жағдайында бизнесті дамыту векторларын айқындаған болатын. Міне, сонда Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту экономиканың өсуі үшін аса маңызды ресурс екеніне айрықша тоқталған еді. Осы орайда, бүгінде еліміздің өңірлерінде инвестиция тарту бойынша жемісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестахуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда. Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделген.
Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі — 161,3 млн теңгені құрайды. Жалпы 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Бұдан бөлек, тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады. Инвестиция тарту мәселесі — тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.