ТӨЛЕБИДЕ АГРОСЕКТОРДЫ ДАМЫТУҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

Тамылжыған табиғатымен туристік аймақ ретінде танылған Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы саласы да қарқында дамуда. Аталған сала — ауданның экономикалық әлеуетiн нығайтуға, ел бюджетiнiң қалыптасуына үлес қосып келе жатқан салалардың бірі. Сондықтан аграрлы ауданның шаруалары ауылшаруашылық техникаларын 12 бірлікке жаңалап, бұл көрсеткішті 1316 техникаға жеткізді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға байланысты мәселе мемлекет саясатының стратегиялық маңызы бар бағыты болғандықтан, халықтың әлеуметтік экономикалық даму деңгейін қамтамасыз ету үшін, оның дәстүрлі, қалыптасқан ата кәсібі – мал және егін шаруашылықтарын, жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға экономиканың басқа салаларына қарағанда артықшылық беруде. Ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға ағын судың мүмкіндігі зор екенін ескеріп, шаруаларға ағын су жеткізу мақсатында жыл басынан бері 15 канал механикалық тазалаудан өтті.
«Олжалы» каналының негізгі 5 дана шлюздерінің айналасы бетондалды. Қарқынды бау шаруашылығын дамыту бойынша негізгі аумақ 5 гектарға ұлғайтылып, 425 гектарға жетті. 1 алқаптан 2-3 өнім алу бағытында 110 гектарға көкөніс егілген. Нәтижесінде, жалпы өңірлік өнім көлемі 3 айда 21,6 млрд теңгеге жетіп отыр.