КАНАЛДАРДЫ БЕТОНДАУ ЖҰМЫСТАРЫНА БАҚЫЛАУ ЖАСАЛДЫ

Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай және облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов бастаған топ ПУИД-2 бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан каналдарды бетонмен қаптау жұмыстарымен танысты.

Бақылау барысында аудандағы Алатау батыр ауылдық округіне қарасты №685 ағын су бекетін қарап шығып, мердігер мекеме «Тахал» және «Мелиоратор» өкілдерімен кездесті. Сонымен қатар 4ПР-2 каналының бойындағы құрылыс жұмыстарында орын алған кемшіліктерді қарап, шаруалар мен мердігерлерге жоспарлы түрде жұмыс атқару керектігі айтылды. Себебі Алатау батыр және Қызылқұм ауылдарындағы каналдарды бетондау жұмыстары ондағы диқандардың суармалы жерін суландыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, жұмысшы топ 140 адамды жұмыспен қамтып отырған Алатау батыр ауылындағы «Шебер» тігін цехының жұмысымен танысып, мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар бойынша ықпал жасайтындықтарын жеткізді. Айта кету керек, инфрақұрылыммен қамту бойынша ауданда 25 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтылған. Ал көгілдір отынмен 24 елді мекеннің 9-ы қамтылған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 38,2 шақырымды құрайтын 51 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайға жолдардың үлесін 87%-ға жеткізу жоспарланған.