ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ҚАНШАҒА КӨБЕЙЕДІ?
Үкіметтің баспасөз қызметі әлеуметтік төлемдер қашан және қаншаға көбейетінін жария етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 1 шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға ұлғайтылады.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды. Еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдермен 92 мыңға жуық адам, асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдермен 61 мың отбасы қамтылады деп жоспарланып отыр.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 4,4 млн адам алатын зейнетақы мен жәрдемақының барлық түрі қайта есептелді. Сонымен қатар дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс жұмысшыларының жалақысын кезең-кезеңмен арттыруды және жоба ауқымын кеңейту бойынша 2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын тапты. Сондай-ақ шағын несиелерді қолжетімді ету арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңейту жұмыстары басталды.
«Уақыт».