ТӨЛЕБИДЕ ЖАҢА ҚҰС ФАБРИКАСЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Мәселен, алдағы уақытта ауданда құс фабрикасы өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.
Нақтырағы, аудан басшысы өз сөзінде «Өнеркәсіп саласында өткен жылы ауданда 41 млрд 480 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ал биыл оны 46 млрд 126 млн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы салада 2 инвестициялық жоба басталып, толық 2024 жылы іске қосылады деп көзделген. Яғни Ленгір қаласынан «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехын іске қосу бағытында құны 1 млрд 551 млн теңгеге инвестиция тартылып жатыр. Нәтижесінде 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал «Аймар құс» ЖШС қуаттылығы жылына 440 мың дана құс өсіруді жоспарлап, құны 4 млрд теңгені құрайтын жоба іске асырыла бастады. Қазір құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 24 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, Төлеби ауданы облыс бойынша туристерді тартуда алдыңғы қатарда. Туризм бағытында 76 нысаны бар, 64 саяжай қызмет көрсететін бұл өңірге өткен жылы 41 488 демалушы келген. Былтыр, Көксәйек ауылдық окургінде «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп, мекеме балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасын іске қосты. Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортында қосымша қонақүй және спорт кешенінің құрылысы жүргізілген. Төлеби ауданының әлеуеті туризмді дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл салаға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Ендігі кезекте Қаратөбе ауылдық округі аумағынан кәсіпкер «Нұрлы сан» демалыс аймағын іске қосуды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 1 млрд 500 млн теңгені құраған. Демалыс аймағына 45 коттедж, сауықтыру орталығы, футбол алаңы мен бассейн, теннис алаңдарының құрылысы жүргізіледі. Жоба іске асқан жағдайда 65 адам маусымдық, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Баса айта кетерлігі, өңірде ауыл шаруашылығының даму қарқыны жоғары. Мәселен, өткен жылы ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 61,6 млрд теңгені құраған. Яғни егін шаруашылығы саласында 24 млрд 446 млн теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы саласында 37 млрд 238 млн теңгені құрады. Сондай-ақ өткен жылы балық өсіру шаруашылығы қолға алынып, бұл салаға 100 млн теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінде арнайы бассейнде 13 мың дана сазан балығы өсіріліп жатыр.