ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА САЙЫС ӨТТІ

Отан қорғаушылар күніне орай, Шымкент қаласындағы «Жас Дарын-3» мектебінде 1-сынып оқушылары арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы ұйымдастырылды. 1 «а» сынып жетекшісі Сәуле Есенгелдиеваның бастамасымен өткен шара бәсекеге толы болды.

Шараның басты мақсаты – оқушылар арасында патриотизмді насихаттау, ата дәстүр мен ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар әр баланың таным көкжиегін кеңейту мен сахна мәдениетіне үйрету мақсаты да көзделді. Сайыс барысында оқушылардың тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өзін таныстырды. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр бойынша білгендерімен бөлісті. Қамшы өріп, қабілеттерін сынға салды. Сонымен қатар қазылар алқасына үйде өз қолымен жасаған бұйымдарын таныстырды. Айта кету керек, қазылар алқасы ұстаздар мен ата-аналардан жасақталды.
Қызу өткен сайыс барысында оқушылардың танымын кеңейтіп, білімін арттыратын құнды деректер айтылды. Сайыс қорытындысы бойынша жақсы бағаға ие болып, өнері жоғары бағаланған балаларға Алғыс хаттар табысталды.