ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Шағын және орта бизнестің дамуы экономиканың алға жылжуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізеді. Сондықтан мемлекет басшысының өзі аталған бағытқа айрықша көңіл бөлуде. Мәселен, өткен жылы жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік экономикалық еркіндікті қолдайтынын, шағын және орта бизнесті дамытуға мейлінше көңіл бөлетінін айтқан еді. Жалпы бұл саланың дамуы бойынша Шымкенттің көрсеткіштері жоғары.
Тарқатар болсақ, үшінші мегаполисте былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 41,6%-ды құрады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік бағдарламалар аясында ұлғайып отыр, жыл сайын бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Бизнесті қолдауға бағытталған барлық бағдарламалардың принциптері – кәсіпкерлер үшін тең жағдайлар жасау, сондай-ақ оларға қойылатын талаптардың, ұсынылатын құжаттарды зерттеудің жан-жақтылығы мен толықтығы, қабылданатын шешімдердің объективтілігі.
Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсету бойынша тиісті қаржы бөлініп, 2022 жылы 4891 жоба қолдау тапқан болатын. Ал биылғы жылдың басынан бері 2 056 жобаға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде 1 922 жобаға, «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021 – 2025 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 134 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін жергілікті және мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық кеңестер «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі арқылы көрсетілуде.