ЖОЛ – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕТАМЫРы

Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан республикалық маңызы бар және жергілікті автомобиль жолдарының сапасын арттырудың маңызы зор. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек» деп атап өткен болатын.

Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында қыруар іс атқарылып жатыр. Бұл жөнінде өткен аптада Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз брифингінде айтты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырымды құрап, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. 2023 жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағы арқылы қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы да салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады. Сонымен қатар Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тас жолының бойында жолаушылар өткелін салу жұмыстары атқарылап жатыр.
Бүгінде қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 2023 жылы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көшеге жүргізу жоспарлануда. Оның 24 көшесі – көлік ағыны жоғары әрі қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер. Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға іс-шара жоспары бекітілген. Іс-шараға сәйкес, магистралды көшелерге, сонымен қатар елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде.
Үшінші мегаполисте Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы да қарқынды іске асырылуда. 15 мамыр күні халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Арғынбеков көшесі ашылған болатын. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланып отыр. Келесі кезекте Бәйдібек би–Арғынбеков көше қиылысының жолайрық құрылысының 2-кезегі іске асырылады. Осы ретте, Жібек жолы–Сайрам көшелерінің қиылысында, Бәйдібек би–Төлеметов көшелерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында жолайрық салу жоспарланған. Жоғарыда аталған жобалар іске асырылған жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі құрылыс жұмыстарымен қамтылып, заманауи талаптарға сай көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары болады.
Бұдан бөлек, жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 37 356,9 шақырым қала көшелерінің жол шұңқырлары жамалды. Оның ішінде Абай ауданы аумағында 9 527 шақырым, Әл-Фараби ауданында 7 726,9 шақырым, Еңбекші ауданында 9 263 шақырым, Қаратау ауданында 10 840 шақырым жол жөнделген. Сонымен қатар қала көшелеріне жалпы 400 шақырым жол таңбалары сызылады. 800 метр жасанды жол кедергілерін әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына орнату жоспарлануда. Сондай-ақ жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3500 жол белгілері орнату жоспары да бар. Аталған бағыттағы жұмыстар аяқталса, қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі айтарлықтай артады.