КӨКӨНІС КЛАСТЕРІН ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дәл осылай деген болатын.

Сәйкесінше, ауыл шаруашылығын дамыту үшін инновациялық мүмкіндіктерді жиі пайдаланған жөн. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстар көп. Тарқатар болсақ, үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығы мамандары және шаруа қожалықтардың төрағалары бас қосып, инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізу мақсатында арнайы жиын өткізді. Мәселен, бау-бақша дақылдарымен бірге салат көкөністерін егу адам азғасы үшін пайдалы, әрі нарықта жиі сұранысқа ие. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде отандық және шетелдік селекция бойынша салат көкөністерінің ең озық сорттарын конвейерлік технологиямен қалай өсіруге болатыны талқыланды.
Салат көкөнісінің сорттары, соның ішінде райхангүл, салат жапырағы, брокколи қырыққабат, ақжелкен, руккола, аскөк, жасыл пиязды ашық далада өсіру ауыл шаруашылығының көкөніс кластерін әртараптандыруға ықпал етеді. Нәтижесінде халық сапалы өніммен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ жасыл көкөністерді өсірудің конвейерлік технологиясы жыл бойы салат көкөністерін алуға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп кешенінің жұмысшылар мен мамандары, шаруа қожалығының дихандары семинар-жиын барысында тәжірибе үшін ризашылығын білдіріп, Шымкент өңірінде ауыл шаруашылық саласын дамытуға өз үлестерін қосуға мүмкіндік туғанын айтты.