ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Бүгінде әлеуметтің әлеуетін арттырудың ең тиімді жолы – жаңа жұмыс орындарын құру. Соңғы уақытта әлемдік геосаясатта көптеген оқиғалар легі орын алды. Мұның өзі базардағы бағаның құбылуына сеп болды. Қала берді, бірқатар өндіріс орындары тұралап, жұмыссыздық белең алды. Өз кезегінде, елімізде мемлекет тарапынан жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру бастамасы да кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру керегін айтқан болатын. Сонымен қатар жастардың бизнес бастамаларына қолдау көрсетілетінін де тілге тиек етті. Бұдан бөлек, ел президентінің 2022 жылы бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023-2025 жылдар аралығында 3,3 милионнан астам азаматты, оның ішінде 2,3 млн жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген.
Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы 7 628, 2024 жылы 8 000, 2025 жылы 8 200 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегіне сүйенсек, 2022 жылы Шымкент қаласы бойынша жұмыссыздар саны 21 888 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болған. Оның ішінде жастар жұмыссыздығы 3,9 пайызды құрап отыр. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Іс жүзінде 39 058 адам қатысып, жоспар 116,3 пайызға орындалған. Жастардың үлесі 43,5 пайызға жетіп, 16 980 адам қамтылды» делінген басқарманың хабарламасында.
Өткен жылы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы кәсіби білім беру бойынша 1 287 жасты оқуға жолдаған. Олардың 470-і жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында, 262-сі жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыса, 555 адам еnbek.kz порталында онлайн дәріс алған. Ал кәсіпкерлікті дамыту бойынша 15 376 азаматқа кәсіпкерлік қолдау көрсетілген. Оның ішінде 7 084-і – жастар. Мұндағы 6 629 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытуға жолданса, 455 жасқа өтеусіз негізде мемлекеттік грант берілген.
Сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 5314 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Оның ішінде 3 855 жас маман бар. 37 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, 2378-і жастар практикасы бойынша, 1115-і қоғамдық жұмысқа, 304-і «Алғашқы жұмыс орындары» және 21-і «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы арқылы жолдама алған. Айта кетейік, азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша 13 847 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан. Оның ішінде жастар саны – 4 752.