БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕР САН ТҮРЛІ МАМАНДЫҚТЫҢ ҚЫР-СЫРЫНА ҚАНЫҚ БОЛУДА

Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы шаһардағы білім беру ұйымдарының жоғарғы сынып оқушыларына өндіріс орындарына экскурсия ұйымдастыруды қолға алған болатын. «Болашаққа қадам» деп аталатын жобаның негізгі мақсаты – бітіруші түлектерге мамандық таңдауға бағдар беру. Биыл аталған бастаманың аясы кеңейді. Тарқатайық…

Өткен аптада Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында бітіруші сыныптағы оқушылары арасында коуч-тренерлердің қатысуымен семинар-тренинг өтті. Шара мақсаты – жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, жас ұрпақты белгілі бір мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу, кәсіптік қызығушылығы мен бейімділігін және қабілетін дамыту.
Іс-шараға Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Шотанов Мұратжан Шүкірханұлы, педагог-психолог Марал Жұмагелдіқызы және №65 мектеп-гимназиясы мен №25 мектеп-гимназиясының бітіруші сынып оқушылары қатысты. Жиын барысында «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде жастар туралы «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң ­ бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Осы мақсатта сіздерді болашақ өмірге дұрыс бағыттау, мамандық таңдауға сәтті қадам жасауларыңызды негізге ала отырып, «Болашаққа қадам» жобасын іске қостық. Бұл жобада – сіздерге кәсіби бағыт-бағдар беруге бағытталатын үлкен көмек болмақ» деді Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы.
Алдымен оқушыларға мамандық таңдау бағытында коуч-тренерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқушылармен кері байланыс орнатты. Коуч-тренерлердің ақпаратымен азықтанған оқушылар кәсіптік сала қызметкерлерінің жұмыс процесімен жақын танысу мақсатында «Бал Текстиль» ЖШС кәсіпорына экскусия жасады. Экскурсия барысында оқушылар кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен, бұл саладағы сұранысқа ие мамандықтармен жақыннан танысты.
Айта кету керек, бұған дейін аталған жоба аясында №87 жалпы орта білім беретін мектептің бітіруші сынып оқушылары №1 мамандандырылған өрт сөндіру бекетіне экскурсия жасаған болатын. Онда өрт сөндіру құралдарының қызметімен толық танысып, практикалық тәжірибеден өтті. Аталған бастама аясында өндіріс орындарына экскурсия жасау әрі қарай жалғасын табады.