ИМПОРТҚА ИЕК АРТУМЕН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕЙДІ

азық-түлік қауіпсіздігі қағаз жүзінде ғана
жүзеге асып жатқан жоқ па?

Азық-түлік бағасының қымбаттауына қоғамның еті үйреніп кетті. Жуырда ғана жанар-жағармайдың шекті бағасы өскен болатын. Мұның өзі базардағы тауар құнына әсер етуде. Қымбатшылықтың бір ұшы шеттен келетін тауарларға да байланысты. Жалпы елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Импорттық тауарларға қаншалықты тәуелдіміз? Тарқатайық…

Жуырда Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин импортталатын тауарларға тәуелділік жайында айтты. Оған сенсек, бүкіл ел халқының жалпы тұтыну мөлшеріне қарап, шеттен келетін келесі тауарларға деген тәуелділікті аңғаруға болады. Олар — қант, тауық еті, ірімшік және сүзбе, сары май, күнбағыс майы, макарон өнімдері және маусымаралық кезенде қырыққабат пен пияз. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 9 атауы бойынша 16,2%-дан 55,9%-ға дейін және қант бойынша 90%-ға дейін импортқа тәуелділік бар. Соңғы статистикалық көрсеткіштерді сөз еткен министр «Кейбір тауар бойынша біз халықтың тұтынуынан едәуір жоғары қамтамасыз етілгенін атап өтеміз. Алайда көрші нарықтардағы жағдайларға байланысты біз агрессивті экспортты байқаудамыз. Әсіресе, көкөніс өнімдеріне. Біз ішкі нарықты қамтамасыз ететін және азық түлік секторындағы дағдарыстарға төзімді саясатын құруымыз керек» деп сөзін түйіндеген болатын. Аңғарғанымыздай, көкөніс еліміздің ішкі нарығын толық қамтуға қауқарлы. Әйткенмен көрші нарықтардағы қымбатшылық экспорттың аса жоғары қарқынмен артуына себепші болып отыр. Қош делік, бұған дейін мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырған болатын. Жиі-жиі жиын өткізіп, мәселе талқылайтын министрліктер тапсырманы қалай жүзеге асыруда?
Жуырда өткен Үкімет отырысында аталған мәселе тағы да күн тәртібіне қойылды. Жиында сөз алған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндамасын өткен жылдың көрсеткіштерін сөз етуден бастады. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға артып, 2,9 трлн теңгеге жеткен. Атап айтқанда, өсімдік майы, ұн, макарон, жарма, шұжық және қант өндірісі артқан. Алайда сүт өнімдері, соның ішінде сары май, сүт, ірімшік және сүзбе бойынша шикізат базасының төмен деңгейде дамуына байланысты өндіріс азайған.
Қарашөкеевтің сөзіне сенсек, көкөністердің негізгі түрлері бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп отыр. 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілген. Алайда өндіріс көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысы төмендеп кеткен. Бұл мәселені шешу үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру жүргізілуде. Оның аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200 мың тоннадан асатын 37 жоба іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін 111 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Осы тұста тағы бір толғақты мәселенің шыға келгенін айқын аңғарамыз. Шаруалар ерте көктемнен бастап еңбектеніп, жер жыртып, өнімін жинайды. Ал көкөніс пісіп, егін жиналған уақытта қажет қоймалар таппай табаннан тозады. Ал мұның зардабын көретін – тағы да халық. Үкімет үйдей іс бітіргенін жиі хабарлайды. Әйткенмен әлі де шынайы өмірдегі өзекті мәселемен күресуге келгенде, бастамаларының қауқары жетпей жатады.
Ал ендеше азық-түлік қауіпсіздігіне қалай қол жеткіземіз? Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов ойын былайша тарқатты «Өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр». Ресми статистикаға сенсек, өткен жылы қолға алынған жоспар нәтижесін берді. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіп кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9%-ға ұлғайып 9,3 трлн теңгені құрады. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15%-ға артты. Үкімет басшысының сөзінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоспарланған жобаларды жүзеге асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылуда.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісі жөнінде тақырып қозғалғанда, жоғарыда аталған қоймалардың мәселесін айналып өте алмаймыз. Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жемісті сақтайтын 1 200-ден астам объект бар. Алайда, жағдай көрсеткендей, бұл жеткіліксіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табуы қажет.
Қорыта айтқанда, Үкіметке мәселенің бәрі белгілі. Әйткенмен іске келгенде түйіні тарқамаған түйткіл көп. Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік тауарларының кейбір түрлері бойынша импортқа тікелей тәуелді екенімізді алға тартады. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі өндірілген өнім көлемінің артқанын айтып, саланың дамып жатқанын жиі мәлімдейді. Қош делік, тәуелсіздік жылдарында отандық өнімнің әлеуетін арттыруға аса мән бермегенімізді соңғы жағдайлар көрсетіп отыр. Жауапты министрліктер жоспарды орындап қана отыра беретін болса, қымбатшылықты құрықтау арман болып қалатын тәрізді. Нақты сауал туындайды, мемлекет басшысы айтқан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағаз жүзінде ғана жүзеге асып жатқан жоқ па?

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.