ЖЕМҚОРЛАРДАН ТӘРКІЛЕНГЕН ҚАРАЖАТҚА 72 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ

ҚР Үкіметі сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру механизмін бекітті. Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған болатын. Күні бүгінге дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түскен.
Сонымен қатар ел басшылығының тапсырмасы бойынша республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдаған. Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға, тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның құрылысын аяқтауға бағытталады.
«Уақыт»