600 МЫҢНАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АУЫЗСУҒА МҰҚТАЖ

Елімізде 600 мыңнан астам азамат таза ауызсуға зәру. Бұл деректі Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов растады. Үкіметтің алдында 2025 жылға дейін халықты 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұрғаны да белгілі.

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта қалалардағы таза ауызсумен қамту көрсеткіші 98, ал ауылдарда 94 пайыз шамасында болып отыр. Елімізде ауызсумен қамту ісімен қатар үнемдеуге де көңіл бөлінбесе, ауқымды зардаптарға душар болуымыз анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елдердің санатына кіруі мүмкін.
Бұл мәселені шешу үшін Үкімет саланы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет деп санайды. Яғни жаңа Су кодексі мен бағдарламалық құжаттарды дайындау кезінде аталған түйткілдер қамтылмақ. Қош делік, суды үнемдеу ісінің құжатпен я кодекспен шешілмесі анық. Бастаманың маңызын ашып көрсететін ақпараттық насихат ұйымдастырылса, тиімдірек нәтиже берер ме еді…