ЖАҢА НОРМАЛАР ЖАСТАРДЫҢ БАСПАНАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ МҮМКІНДІГІН АРТТЫРАДЫ

2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды.

Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, бұдан былай 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ. Биылғы жылы 888 жас арендалық баспанамен қамтылатын болады. Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды портал арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Қатысушаларды іріктеу балдық жүйе арқылы іске асады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланады. Сонымен қатар Жастар бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілмек. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуі болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң толық күшіне енді. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына жағдай жасау және олардың мемлекет өміріне қатысуына мүмкіндік ұсыну. Бұрын заң аясында әзірленген мүмкіндіктер 29 жасқа дейінгі азаматтарға қолжетімді болса, енді 35 жастағылар пайдалана алады. Жұмыспен қамтуға байланысты «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламалар енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де қолжетімді болмақ.
Жастар туралы жаңа тұжырымдамада игі бастамалар аз емес. Соның бірі – жастар саясатына серпін берер Қоғамдық кеңестер құрамына міндетті түрде квота енгізу, барлық өңірде жастар ресурстық орталығын ашу істері. Заңның басты көздегені жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту арқылы бұл санаттағы буынға саяси, әлеуметтік, экономикалық қолдау көрсету болатын. Сондай-ақ NEET санатындағы жастар заңмен бекітілді. Яғни нормативтік актілерді пысықтау мүмкіндігіне ие болдық. Тағы бір айта кетерлігі, дамыған елдердегідей «Жастардың даму индексі» заңмен шегеленді. Жастар арасындағы суицид, қылмыс, баспанамен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам пункт барлық деңгейдегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді. Жаңа заңдағы осы өзгерістер 6 миллион жастың арман-мақсатының нақты іске асуына негіз бола алары анық.