АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Өткен жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялаған болатын. Міне, сонда мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескіргенін айта келе, ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастыру керегін тапсырған болатын.
Президенттің тапсырмасына орай, агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында Шымкент қаласында жұмыс тобы құрылған. Қазіргі таңда аталған жұмыс тобы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша талдау жүргізіп, агроөнеркәсіптік кешенді ұзақ мерзімде субсидиялау бойынша ұсыныстарын енгізген. Жасыратыны жоқ, Шымкент қаласындағы халық саны үлкен қарқынмен өсіп келеді. Сәйкесінше, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің көлемі азаюда. Мамандар болашақта қаланың саладағы негізгі бағыты мал шаруашылығы болатынын алға тартады. Бүгінгі таңда мегаполис аумағында жалпы 204 гектар жылыжай кешені бар. Соңғы үш жыл ішінде агроиндустриалды аймақ құру бойынша қыруар іс атқарылып, 36 гектар жылыжай салынды.
Мемлекеттің қолдауды пайдаланып, жылыжай кәсібін дамытқысы келетін кәсіпкерлердің қатары да уақыт өткен сайын қалыңдап келеді. Осы тұста айта кетерлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы салынып жатқан жылыжай шығынының 25 пайызын мемлекет өтейді. Сонымен қатар «КазАгро» корпорациясының төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге жақсы демеу болып отыр. Бүгінде қала аумағында 73,9 мың бас ірі қара, 15,4 мың бас жылқы, 82,5 мың бас ұсақ мал, 3,1 мың бас шошқа және 877,1 мың үй құсы тіркелген. Осының ішінде мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара мал барын айта кету керек. Мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау ретінде 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде 185,1 млн теңгесі малдың жем-шөбіне беріледі. Мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланған.